Қазақстан ШЫҰ-ны кеңейту бағытында байыпты саяси және заңгерлік жұмыстар жүргізуде - ШЫҰ-ның Бас хатшысы М. Иманалиев

АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымын кеңейту бағытында байыпты саяси және заңгерлік жұмыстар жүргізуде.
None
None

Үстіміздегі жылдың 15 маусымында Астанада ШЫҰ-ға 10 жыл толуына арналған саммит барысында осы мәселені толығымен шешетін тиісті құжаттар қабылданып қалуы да ықтимал. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында ШЫҰ-ның Бас хатшысы Мұратбек Иманалиев мәлім етті.

«ШЫҰ-ға төрағалық ету - жеңіл іс емес. Дегенмен Қазақстан бұл аса маңызды және ауыр міндетті тамаша атқара алуда. Ол Ұйымды дамыту, соның ішінде ШЫҰ-ны кеңейтуге байланысты жаңа, өте маңызды құжаттарды жасақтау бағытында өте байыпты саяси және заңгерлік жұмыстар жасауда. Үстіміздегі жылдың 15 маусымында Астанада ШЫҰ-ға 10 жыл толуына арналған саммит барысында осы мәселені толығымен шешуге бағытталған тиісті құжаттар қабылданатынына сенемін»,-деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан ұйымға төрағалық етуі кезінде терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық шараларын да әртараптандыруда көлемді істер атқаруда, сонымен бірге есірткінің трансшекаралық тасымалын тыю саласында үлкен бірлескен шаралар қабылдауда.

«Есірткі бизнесі мен есірткі тасымалымен күрес бағытында да әріптестікті дамытуға да үлкен көңіл бөлінуде. Астанадағы саммит кезінде ШЫҰ-ның есірткіге қарсы күрес стратегиясы қабылданатындығын атап өткен қисынды болар. Соның негізінде ШЫҰ-ның кеңістігінде ғана емес, сонымен қатар бүкіл жаһанға қауіп-қатер төндіріп отырған есірткі сынды пәлекетпен күрес саласында өте ауқымды жұмыстар атқарылады»,-деп атап көрсетті Мұратбек Иманалиев.

Еске сала кетейік, Қазақстан 2010 жылдың маусым айынан бастап ШЫҰ-ға төрағалық етуде. Төрағалық кезінде Қазақстан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттермен келісілген 2010-2011 жылдарға арналған іс-әрекеттер жоспары бойынша және Елбасы бекіткен ҚР ШЫҰ-дағы іс-әрекеттер бағдарламасы бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. ШЫҰ-ның қызметі мәселелері бойынша ұлттық үйлестіруші Шахрат Нұрышевтің айтуынша, 11 айдың ішінде барлық мүше мемлекеттердің аумағында 100-ге тарта түрлі іс-шаралар атқарылды.

Қазақстанның Ұйымға төрағалығы 2011 жылдың 15 маусымында Астанада ШЫҰ-ға 10 жыл толуына арналған саммиттің өткізілуімен аяқталмақшы.

Соңғы жаңалықтар