Қазақстан сындарлы ішкі және сыртқы саясатының арқасында өз аймағының, әрі әлемдегі абыройлы елдердің қатарынан орын алды - Түркия Премьер-Министрі

Бұл туралы бүгін Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі бірінші отырысынан кейін Түркия Премьер-Министрі Реджеп Ердоған айтты.
«Түркия мен Қазақстан арасында дипломатиялық қатынастардың орнауының 20 жылдығына орай құрметті бауырымыз Қазақстан президенті Н. Назарбаевты елімізде көргенімізге бек ризамыз. Осы ресми сапар барысында екіжақты қарым-қатынастар жаңа бір деңгейге көтерілді», деді ол.
Сонымен қатар Р.Ердоған Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінде болашақта жасайтын қандай қадамдар бар, стратегиялық әріптестіктің аясын әлі де қандай бағыттар бойынша дамытуға болады деген мәселелерде келелі әңгіме қозғалғандығын баса айтты.
«Қазіргі күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесінің ақсақалы дәрежесінде. Тиімді сындарлы ішкі және сыртқы саясатының арқасында Қазақстан өз аймағының, әрі әлемдегі абыройлы елдердің қатарынан орын алды», деп баса айтқан Р.Ердоған Лондон олимпиадасындағы Қазақ спортшыларының жетістіктеріне барша түрік халқының қуанғандығын атап өтті.