Қазақстан туризм саласында қомақты қаржыдан айрылуда - «Арман тур» ЖШС директоры

АЛМАТЫ. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Туризм саласының ел экономикасындағы орны әлі айқындалған жоқ. Оның мүмкіндігі толық пайдаланылмай отыр.
None
None

Оны «Арман тур» ЖШС директоры Гүлнара Әшімова-Бозшығұлова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Қазақстанда ішкі туризмнің дамуына әлі қолайлы жағдай жасалған жоқ. Инфрақұрылымды қалыптастыру үрдісі баяу жүріп жатыр. Жергілікті әкімшіліктер оған бюджетте қаржы қарастырылмаған деген жауаптан еш танбауда. Оны жасау үшін тараптар өзара күш біріктіруі керек. Онсыз мәселе өз шешімін таба қоюы екіталай. Осының салдарынан ел бюджеті қомақты қаржыдан қағылып отыр.

«Туристік компаниялар қазір түгелдей дерлік сыртқы туризммен айналысуда. Өйткені ішкі туризммен айналысу оларға тиімсіз. Мәселен, Алматыда 800 туристік фирманың қалай жұмыс жасап жатқанына, шынымды айтсам, өзім де таңданамын. Себебі, қазір шет елде демалу кез-келген адамға қолжетімді бола бастады. Мәселен, Варшавада 2-ақ туристік фирма бар. Онда демалған кезде мен өзімнің, не басқа да туристік компаниялардың қызметін пайдаланған жоқпын. Ғаламтор арқылы алдын-ала мейманханадан орын алып, осы арқылы визаны да елшіліктен жылдам жасаттым. Қызмет сапасы өте жоғары деңгейде, ал осыған қарамастан, оның ақысы салыстырмалы түрде өте төмен», дейді «Арман тур» ЖШС директоры Гүлнара Әшімова-Бозшығұлова. Оның айтуынша, жергілікті туризммен айналысу үшін компаниялар Е, Д лицензиясын алу керек. Қазақстандық компанияларда саяхатшылардың автобустары да, жол көрсетуші гидтері де жаман емес. Алайда олар туристерді Шарын шатқалы сияқты табиғат аясына апарған кезде тамақтарыңызды өздеріңізбен бірге ала жүріңіздер деуге мәжбүр. Өйткені онда кафе тұрмақ, басқа қажетті орындар да жоқ. Мұндай жағдайда сырттан шетелдік саяхатшыларды тарту ақылға сыйымсыз іс сияқты көрінеді.

«Мәселен, былтыр біздің компания арқылы шетелден таза туристік сапармен 3-4 адам ғана келді. Өзгелері келіссөз жасауға, не қандай да бір іс-шараларға қатысу үшін келген кәсіпкерлер, ғалымдар және тағы басқалар болды. Егер құзырлы органдар туристік фирмалардың қызметін жан-жақты тексеретін болса олардың саны айтарлықтай қысқаруы мүмкін. Сан - сапаға әкеледі деген түсінік бұл жерде сәйкестік тауып отырған жоқ», дейді «Арман тур» компаниясының басшысы .

Соңғы жаңалықтар