«Қазақстан - түрк әлемін ықпалдастыратын бастамашы ел» - ЕҰУ-дегі Халықаралық түрктану симпозиумы

АНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Түрк әлемі: тарих және бүгінгі жағдай» атты халықаралық түрктану симпозиумы өтті.
None
None

Симпозиумның алғашқы күні түрк әлемі заңгерлері халықаралық қауымдастығының құрылтай съезі болды. Онда ұйымның Жарғысы жобасы мен қауымдастықтың негізгі міндеттері және алдағы уақытқа құрылған жоспарлары талқыланды.

Симпозиумның ашылуында ЕҰУ ректоры Бақытжан Әбдірайым: «Түрктану ғылымының маңыздылығы мен өзектілігіне аса мән бере отырып, Еуразия ұлттық университетінде осы мәселелерге арналған ғылыми-теориялық жиындар өткізу дәстүрге айналған. Бүгінгі симпозиумның мақсаты да түрк әлемінің тарихы мен қазіргі кезеңін жаңаша бір зерделеу, саяси-әлеуметтік, құқықтық бірегейлігі мен ерекшелігін тағы бір саралау. Шара шеңберінде Түрк әлемі заңгерлерінің құрылтайы да өтпекші. Бұл салада да әлем болып, түрк мемлекеттері болып ақылдасатын, ойласатын сәттер аз емес», - деп атап өтті.

Жалпы, бұл кездейсоқтық емес, себебі, бүгінде 200 млн-нан асатын түрктілді халық Еуразия кеңістігінде өмір сүруде.

Осы жиынға қатысқан Түрк халықтары ақсақалдары Кеңесінің Төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, 2001 жылы Еуразия ұлтық университетінде түрктану мәселелерін зерттеу жұмыстары басталды. Осыдан 10 жыл бұрын өткен «Түрк өркениеті жазба ескерткіштері» атты форум осы бүгінгі басқосудың бастамасы болған еді.

Кешегіміз түгенделмей, бүгінгіміз бүтінделмейтіні ақиқат. Бүгінгі жиынның басты тұжырымдамасы төлтума болмысымыздың айғағы, әрі аса құнды мұрасы болып саналатын түрк мәдениетінің зерттелуі мен алдағы бағыт-бағдарын тағы бір айқындап алу.

Түрк тілдес халықтардың рухани құндылықтарын, тарихи-мәдени мұрасын бағалауды дәйекті түрде жалғастыра беру қажет. Бұны бүгінгі уақыт тынысының өзі анықтағандай.

Оларды жүйелеу арқылы түрк әлемінің дүниетанымын, этикалық дәстүрін, ұлттық психологиясы мен танымын, этнографиялық пішін-бейнесін де толық аңғаратынымыз және шындық.

Түрктану дербес ғылым саласы ретінде таныла бастағаннан бері, дүние жүзінің айтулы ғылыми орталықтарында зерттеліп, оқытылуда. Қазақстанда да түркология ғылыми-зерттеу орталықтарының іргелі зерттеулерді кеңінен жүргізуі бұған дәлел.

Шара барысында ЕҰУ ректоры Б. Әбдірайым «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Біз өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түгендегеніміз жөн»,- деген салмақты пайымы түрктану ғылымына жаңа міндеттерді қоса жүктеп отыр деп есептейміз. Елбасымыздың бастамасымен Қазақстанда Түрк академиясы ашылды. Біздің университетімізде де Түрктану орталығы мен түркология кафедрасы жемісті еңбек етіп келеді»,-деп атап өтті.

Шараға қатысушылардың айтуынша, «Қазақстан - түрк әлемін ықпалдастыратын бастамашы ел».

«Түрк әлемі: тарих және бүгінгі жағдай» атты халықаралық түрктану симпозиумы аясында өткен Түрк әлемі заңгерлерінің І халықаралық құрылтайында ҚР ҰҒА академигі, з.ғ.д., профессор Салық Зиманов «Ғалымдардың, оның ішінде заңгер ғалымдардың басын қосып, күш біріктіруі, түрк әлемінің аса маңызды, өзекті мәселелерін талдауы - дәстүрлі емес, бірегей шарасы» деп атап өтті.

Түрк әлемі заңгерлері халықаралық қауымдастығының құрылтайында ұйымның Жарғысының жобасы мен қауымдастықтың негізгі міндеттері және алдағы уақытқа құрылған жоспарлары талқыланды.

Симпозиумға Қазақстан, Түркия, Испания, Германия, Франция, Венгрия, Моңғолия, Қытай, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Армения, Украина, Ресей, Татарстан ғалымдары жиналды.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш симпозиум ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Мәдениет министрлігі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Президенттің мәдениет орталығы, Түрк академиясы, Түркия Республикасы Үкіметінің әріптестік байланыс және даму басқармасының (ТИКА) ұйымдастыруымен өтті.

Соңғы жаңалықтар