Қазақстан - Түркия бағыты бойынша қосымша 16 тұрақты рейс ашылады
Бұл келісімге өткен аптада Қазақстан мен Түркияның авиация ұйымдары қол жеткізді. Түркия жағының ұсыныстарын зерттей келіп, Қазақстан - Түркия бағытындағы туристік тасымалдау нарығының мониторингі нәтижесі бойынша ҚР Азаматтық авиация комитеті осындай шешім қабылдады. Аталған мониторингті Көлік және коммуникация министрлігі қазақстандық туроператорлармен, ҚР Кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен, Қазақстанның туристік ассоциациясымен және ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Туризм индустриясы комитетімен бірлесіп өткізген болатын.
ҚР Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов: «Біз түркиялық әріптестерімізбен екі ел арасындағы ұшулар мүмкіндігін әлденеше рет талқылаған болатынбыз. Біздің азаматтарымыздың арасында аталған бағыттардың жоғары сұранысқа ие екендігін ескере отырып, 2014 жылдың жазғы кезеңіне толықтай аптасына қосымша 16 рейс ашу туралы шешім қабылданды. Басты шарт - рейстердің тұрақты болуы. Бұл аталған рейстер бекітілген кесте бойынша орындалатынын, ал билеттер еркін сатылатындығын білдіреді. Сонымен қоса, Қазақстанда авиакомпаниялардың ұшуларды қамтамасыз ететін, жолаушылар алдында тікелей жауапты өкілдіктері бар екендігін атап өткен абзал», - деп атап өтті.