Қазақстан Үкіметі апат зардабын тезірек жою жолында жедел шаралар алатын болады - Ө.Шөкеев

ОРАЛ. 22 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев бастаған үкіметтік делегация облыс әкімдігінде кеңейтілген мәжіліс өткізді.
None
None

Мәжілісте облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов арнайы баяндама жасап, табиғат апатынан келген шығындар мен оны қалпына келтірудің жобасы туралы хабарлады.

-Біз бүгін Батыс Қазақстан облысына Елбасының тікелей тапсырмасымен келіп отырмыз, мұндағы мақсат - осында орын алған үлкен табиғи апаттың шығынын анықтап, нақтылап, оны қалай қалпына келтіру керек, соның көздерін, әдістерін белгілеу, - деді Өмірзақ Естайұлы. - Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы алғашқы күннен-ақ батысқазақстандықтардың басына келген табиғи апатқа ерекше алаңдап, республикалық штаб құру туралы тапсырма берді. Қазақстан Үкіметі апат зардабын тезірек жою жолында жедел шаралар алатын болады.

Бұдан кейін ТЖ министрі Владимир Божко, Көлік және коммуникация вице-министрі Жеңіс Қасымбек, Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Марат Оразаев, Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков, АШМ Су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Анарбек Орман, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті Болат Палымбетов, және басқалар апаттың салдарын жою үшін таяу арада жасалатын шаралар жөнінде айтып берді. Мәжіліс соңынан Бірінші вице-премьер мен облыс әкімі журналистерге жедел сұхбат берді.

Бүгінгі таңға белгілі болып отырған шығынның жалпы көлемі - 19 млрд. теңгенің үстінде. Бүлінген нысандар ішінде әлеуметтік ғимараттар - мектептер, ауруханалар, балабақшалар, сондай-ақ жол тораптары, электр энергия қуаты желілері, тұрғын үйлер бар. 8 мыңнан астам адам көшіріліп, оның мыңнан астамы баспанасынан мүлдем айрылып отыр. Баспанасыз қалғандар үшін осы жерде, Орал қаласында 6 бесқабатты, екі тоғызқабатты тұрғын үй салынады. Баспанасыз қалған азаматтарға осы үйден пәтерлер беріледі.

10 млрд. астам теңге қаржы резервтік қордан бөлінетін болады. Ол әлеуметтік нысандарға, жолдарға, энергетика жүйелеріне жұмсалады. Алты үйді қаржыландыруды «ҚазМұнайГаз» компаниясы өз міндетіне алады, тоғызқабаттық бір үйді «Қазақстан темір жолы» компаниясы өз мойнына алып отыр. Бір тоғызқабаттық үйді бюджет есебінен салу көзделген. Әрине, бұл шаралар, сметалық есептердің бәрі әлі де нақтыланатын болады. Оған арнайы жобалық сметалық құжаттар дайындалады. Ол жақын арада, бір аптаның ішінде бәрі нақтыланып, есептелініп, бекітілетді.

Егер жер телімі қайта қалпына келтіруге жарамаса, тұрған жері су қорғау аумағы болса немесе қатты бүлінсе, ол азаматқа жаңа үй салынады да, оның бұрынғы жер телімін жергілікті билік өз меншігіне алады, қираған үйдің материалы алынып, өзге үйлердің жөндеу жұмыстарына пайдаланылады.

Тасқала мен Зеленов ауданында жеке үйлер салынатын болады. Ол бір пәтерлік бола ма, оны жергілікті әкімдік жағдайға қарап шешеді.

«Тендер бізде ТЖ кезінде қолданылатын арнайы заңдар бар, біз бұл процесті барынша тездетеміз. 15 мамырдан кейін көп ұзамай құрылыс басталып кетуі тиіс. Тендер мерзімі тездетіледі. Бұл құжаттар тездетілген нұсқада жасалады. Барынша ықшамдап. Егер тұрғын үй құрылысын салушы мердігерлер жөнінде сөз болса, егер қаржы әкімдіктің есепшотында болатын болса, онда оны тендерсіз өткізу жолын қарастырамыз. Бізде тендер өткізіп, бір ай күтетін уақыт жоқ.

Саяжайда тіркеуде тұрмағандармен әкімшілік жұмыс істейтін болады. Саяжайда тіркеуде болмаса, оларға пәтер берілмейді. Негізі, пәтерді салуды біз бастай береміз, кейінгі бөлу, рәсімдеу жағын әкімшілік шешеді. Құқық қорғау орындарымен бірге бәрі де заң аясында шешілуі тиіс», деді Ө.Шөкеев.

-Жаңа үй немесе пәтер алушы адам ең әуелі өз үйінің қайта қалпына келтіруге жарамсыздығын дәлелдеуі керек. Екіншіден, ол үйде тіркелген болуы шарт. Үшіншіден, бұл отбасында бұдан басқа үйі болмауы тиіс. Осындай жағдайда ғана жаңа үй берілетін болады, - деді әңгімеге араласқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Соңғы жаңалықтар