Қазақстан уран өндірісінде көшбасшы рөлін сақтап қалмақ - Апталық шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астана экономикалық форумының жалпы отырысы өтті.
None
None

ҚР Президенті биыл форум қатысушыларының қатарын Халықаралық валюта қоры, Боао экономикалық форумы сияқты ұйымдар мен әлемге танымал басылымдар толықтыра түскенін баса айтты. Форум жұмысына әлемге әйгілі ғалымдар, Нобель сыйлығының иегерлері, сонымен бірге әлемдік инвесторлар, Американың, Еуропаның, Азияның ірі корпорацияларының өкілдері де қатысты..

«Құрметті Астана экономикалық форумына қатысушылар және біздің еліміздің қонақтары! Қонақжай қазақ жеріне бүгінгі форумға қатысу үшін баршаларыңыздың уақыт бөліп, біздің елді құрметтеп келгендеріңіз үшін шын жүрегімнен ризашылығымды білдіремін. Астана экономикалық форумы сан түрлі мәселелерді талқылаудың және нақты шешімдер қарастырудың маңызды алаңына айналып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты жаһандық, халықаралық ұйымдармен қатар Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі сияқты халықаралық қаржы ұйымдарының өклідері - осы форумның тұрақты қонақтары», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы Қазақстан экономикалық және әлеуметтік даму туралы, өңірдегі және тұтас әлемнің әл-ауқатын қамтамасыз ету жайлы сындарлы идеяларды, көзқарастарды талқылауға әрқашан дайын екенін жеткізді.

«Биыл біз іргелі тақырып - жаңа экономикалық нақты ахуалды қарастырамыз. Жаңа нақты ахуалдың қандай болатыны біздің таңдауымыз бен әрекетімізге тікелей байланысты. Бұл күндері мен осы форумның аясында дүние жүзінің көп ғалымдарымен, саясаткерлер және экономистермен кездестім. Қазақстандағы жағдайды, біздің ұстанымды шараларымызды қалай бағалайтыны, қандай кеңес беретіндері туралы пікір алмастық. Бұл біз үшін өте пайдалы және маңызды мәселелер еді. Дағдарысқа қарсы біз жүргізіп жатқан жұмыстардың барлығына дұрыс баға беріп, қолдағандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы әлем бүгінде әлдебір жолайрықта тұрғандығын және одан арғы жаһандық дамудың қандай жолмен жүзеге асатындығы көбіне-көп бүкіл әлем қоғамдастығының үйлесімді іс-қимылына байланысты екенін атап өтті.

Осы ретте оқиғалардың әрі қарай дамуы ықтимал сценарийлердің бірі - әлемдік экономиканы фрагменттеу. Қазіргі уақытта үкіметтер мен орталық банктерде экономикалық белсенділікті жандандыру үшін мүмкіндіктер барған сайын азая түсуде. Мұндай жағдайда протекционизмге салынып, сыртқы әлемнен бой тасалауға қарай елігушілік өте зор.

«Біз қазірдің өзінде мұндай саясаттың көптеген жекелеген мысалдарын көріп отырмыз. Ол жеке сауда блоктарын құруға, капиталдың қозғалуына шектеулер енгізуге, өзара санкцияларға, сауда үшін кедергілерді ұлғайтуға қатысты. Менің пайымдауымша, бұл - ұзақ мерзім бойы бүкіл елдерге нұқсан келтіретін, ал өзінің радикалдық фазасында бүкіл әлемдегі текетірестердің ұлғаюына соқтыратын тұйық жол»,-деп тоқталды Елбасы.

Президенттің сөзіне қарағанда, жаһандану табиғи және бұлжымас үдеріске айналды. Қазіргі заманғы әлем төңірегінде тұрақсыздық, соғыстар мен күйзелістер болған жағдайда елдердің әл-ауқатын қамтамасыз етуге болмайтынын Еуропалық одақтағы босқындарға қатысты дағдарыс іс жүзінде көрсетіп берді.

«Мен бізге басқа жолды - экономикалық өсім әр елдің дамуына және тұрғындарының әл-ауқатының артуына тиімді трансформацияланатын «инклюзивті жаһандану» жолын таңдау қажет деп есептеймін. Әлемдік экономиканың осындай өсімі ғана тұрақты бола алады және біз соған ұмтылуға тиіспіз. Бұл - жаһандық деңгейде бірлескен күш-жігерді және ұлттық экономикалар деңгейінде іс-қимылдарды үйлестіруді талап ететін трансформацияланудың ұзақ, күрделі және ауыр жолы»,-деді Н. Назарбаев.

Қазақстан өзінің салыстырмалы түрде қысқа ғана тарихында көптеген экономикалық сілкіністерді - 90-шы жылдардағы ауқымды экономикалық коллапстан бастап, 2000 жылдардағы естен тандырарлықтай жан-жақты сыртқы сілкіністерге дейін еңсере алды. Біздің басты қағидаттарымыз - экономикалық прагматизм, реформаларды жүзеге асырудағы дәйектілік пен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға күш салу - бізге барлық қиындықтардан өтуге мүмкіндік беріп, біздерді күштірек ете түсті.

«Бүгінде барлық елдер қиындықтарды бастарынан өткеру және ұлттық эгоизмге ерік бермей, әлем алдында тұрған сын-қатерлерді еңсеру ісінде бірлесіп жол таба білу маңызды. Халықаралық диалогтың түрлі пішімдері бар: G-7, G-20. Жаһандық және өңірлік экономикалық форумдар, мәселен, Давостағы, Боаодағы, біздің Астанадағы секілді кездесулер өткізіліп келеді. Әзірленген шешімдерді нақты іс жүзінде пайдалану барысында келісушілік пен үйлесімділікті қамтамасыз ету маңызды. Бұл жерде барлық елдердің пікірі ескерілуге тиіс. БҰҰ құрылымында немесе оның жанынан осындай үйлестіру ісін қамтамасыз ететін арнаулы комитет құратын уақыт жетті. Қазақстанда қолданылып келе жатқан, 140 елден 30 мыңнан астам сарапшының басын біріктіретін «G-global» виртуалды интерактивті алаңын белсенді түрде пайдалануды ұсынамын»,-деді Президент.

Қазақстанда FinTech қаржылық технологиялар бойынша орталық ашылады

Бұл аптада елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы жалпы отырысы өтті.

Шара барысында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев баяндама жасап, инвестициялық мүмкіндіктер жайында айтып берді.

«2016 жылдың қаңтарынан Инвестициялар жөніндегі министрлік инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуде. Инвесторлар ондаған өзге ведомстволарға жүгінбестен-ақ бір орыннан лицензия, рұқсат беру сынды 300-ден астам мемлекеттік қызметті ала алады. Біз ендігі уақытта инвесторға Қазақстанның нарығына кірген сәттен бастап жоба нақты жүзеге асырылғанға дейін жәрдем береміз. 4 айдың ішінде бұл қызметті 500-ден астам инвестор пайдаланды», - деді Ә.Исекешев.

Министр жаһандық барлық сын-қатерлерге қарамастан инвесторлар тарабынан Қазақстанға деген қызығушылықтың жоғары болып отырғандығын атап өтті.

«Бүгінде бізде әлеуетті инвестицияның жалпы көлемі 40 млрд. доллардан асатын өңдеу өнеркәсібіндегі шетелдік инвесторлардың 200-ден астам бастамасы белсенді қарастырылу үстінде. Алғашқы нәтижелері де бар. Ағымдағы жылдың өзінде 30 шетелдік инвестор жаңа өндірісті іске қосатын болады», - деді ол.

Бұдан бөлек министр 2016 жылы Қазақстанда FinTech қаржылық технологиялар бойынша орталық ашылатынын жеткізді.

Дәстүрлі салаларға жаңа технологиялар ықпалының күшейе түсетінін ескере отырып, Индустрия 4.0 технологиясын енгізу және жаңа материалдардан, аддитивті технологиялардан және басқаларынан жаңа бағыттардың толық тізбесін инкубациялау үшін жетекші жаһандық ойыншылармен ынтымақтастық басталды.

Сонымен қатар ол осы жылы «бұлтты технологияларды», автоматтандыруды пайдалану арқылы американдық McKinsey мен Google компанияларымен бірге тау-кен металлургия саласында Бірлескен технологиялық құзірет орталығы құрылғанын атап өтті.

Өз кезегінде ЕҚДБ президенті Сума Чакрабарти Еуропалық қайта құру және даму банкі «Астана» халықаралық қаржы орталығына қолдау көрсетуге мүдделі екенін атады.

Оның сөзінше, өткен жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнімдерін шығаруға 120 млн. еуродан астам инвестиция құйылған. Бұған қоса, бұл ЕҚДБ-ның еліміздегі қолдау көрсетіп отырған жобаларының бір саласы ғана. Жалпы, банк еліміздің экономикасына 700 млн. еуродан астам қаржы салып отыр.

«Қазіргі уақытта Қазақстан біз жұмыс істейтін 36 нарықтың ішіндегі 4-ші ірі нарығымыз болып отыр. Әрине, Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған реформалар бұл инвестицияларды ілгері жылжытуда», - деді ол.

Банк басшысы өз сөзінде банк Қазақстанда қаржыландыруының жартысын ұлттық валютада жүргізетіндігін атап өтті. Сонымен бірге ЕҚДБ командасы мүмкіндік туындаған сәтте ЭКСПО қалашығына көшетіндігін мәлімдеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстанның ішкі жалпы өнімі өсімін жеделдететінін мәлімдеді. Ел экономистерінің есептеулері бойынша оның құрудың және өңірде кеңеюінің нәтижесіндегі қорытынды жиынтық тиімділігі таяу 10 жылда шамамен 40 млрд. долларды құрауы мүмкін. Бұған қоса, АХҚО аясында 2 мыңнан астам білікті жаңа жұмыс орындары құрылады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы АХҚО базасында Торонто биржасы үлгісінде жер қойнауын пайдаланушылар үшін алаң құру жоспарланып отырғанын айтты. Соның арқасында әрбір компания өз жобасын дамыту үшін капитал тарта алады. Орталықта жаңа қаржылық технологияларды қамту үшін жайлы ахуал, икемді реттеуші орта, мәліметтерді өңдеу орталығы түріндегі заманауи инфрақұрылым, жаңа технологияларды тестілеуге арналған инкубаторлар құрылады.

ҚР Президенті «Астана ЭКСПО-2017» базасындағы жоғары технологиялық инфрақұрылымдар көрменің негізгі тақырыбын, «жасыл экономиканы» дамытуға бағытталған жобаларды жалғастыруға мүмкіндік береріне сенімді.

«Жасыл» облигациялар шығару, «жасыл» сақтандыру институтын енгізу, «жасыл» банк құру - бұл орталық алаңында пайдаланыла алатын мүмкіншіліктердің бірнешеуі ғана. Біздің ең бірінші кезекті міндетіміз - экономикаға қаржы ресурстарын тарту, отандық қаржы секторын әлемдік ауқымдағы экономикалық салаға айналдыру», - деді Елбасы.

Қазақстан мұнай өндіру қарқынын үдетеді

Мұнай өндіру саласы Қазақстан бюджетінің кіріс көзі болып қала береді. Бұл туралы осы аптада жанар-жағармай кешені мен экология жөніндегі қоғамдық кеңестің есеп беру кездесуінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті.

«Мұнай өндіру саласы бюджетке түсім әкелетін көздердің бірі болып қала береді. Елдің 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясының басты міндеттеріне сай, мұнай шығару қарқынын одан әрі үдету көзделген. Сондықтан, біз 2017 жылдан бастап мұнай өндіру көлемін тұрақтандыра отырып, оның көлемін арттырамыз», - деді Қ.Бозымбаев.

Министрдің айтуынша, еліміздегі «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В.» сияқты компаниялар мен «Қашаған» кен орны мұнай өндіру көлемін үдететін негізгі өндірістер болмақ. Қалған кен орындарының бәрі орта мерзімде мұнай өндірісін азайтады.

Ведомство басшысы сондай-ақ дағдарыс кезінде салалық кәсіпорындарға салықты төмендету түрінде қолдау көрсетілгенін жеткізді.

«Бұл жұмыс әлі тоқтаған жоқ. Көптеген кәсіпорындар пайдалы қазба шығару үшін төлейтін салыққа жеңілдік алып отыр», - деді Қ.Бозымбаев.

Сонымен қатар министр Қарашығанақ кен орнын одан әрі дамыту жөніндегі тұжырымдама оңтайландыруды қажет ететінін айтты.

2015 жылы Қарашығанақтан 11,9 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл 2015 жылғы жоспардың 95 пайызын құрайды. Шығарылған газ көлемі - 18,2 млрд текше метрді құрады, бұл жоспардың 105 пайызы. Мұнайды тұрақты түрде өндіретін кезеңді ұзарту үшін Қарашығанақты дамыту тұжырымдамасы қарастырылып отыр. Мердігерлермен бірге осы тұжырымдаманы оңтайланлдыру мәселесі қаралуда. Басты мақсат - елдің табысын арттыру.

Қ.Бозымбаев қазір күн тәртібіндегі маңызды мәселе - шығындарды азайту екенін атап өтті.

«Шығынды азайтып, алатын өнім көлемін арттырсақ, республика үшін дұрысы сол болмақ. Сондықтан, шығындарды оңтайландырып, барынша көп өнім алу - біздің міндет. Қарашығанақты кеңейту жөніндегі нақты шешім 2017 жылға жоспарланып отыр. Жаңа нысандар 2022 жылы пайдалануға беріледі», - деді Қ.Бозымбаев.

Мұнымен қоса, ведомство басшысы биыл Қазақстан 24 мың тоннадан астам уран өндіріп, осы саладағы әлемдік көшбасшы рөлін сақтап қалуға ниетті екенін атап өтті. 2016 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстан 6 мың тонна уран қазды. 2016 жылдың жалпы жоспары - 24080 тонна уран.

«Әлемде уран өндірісі бойынша Қазақстан 40 пайыздық үлеспен көш бастап тұр. Осы позициямызды сақтау басты жоспарымыз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар