Қазақстан үшін экспортты Еуропада лоббилау мүмкіндігі алғаш рет туып отыр - М.Балғабай

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан-2050» Стратегиясында Мемлекет басшысы Қазақстанның алдына әлемдегі ең дамыған 30 елінің қатарына ену міндетін белгіледі. Осы мақсатқа қол жеткізу жөніндегі жұмыстар аясында Қазақстан мемлекеттерінің басым бөлігі «үздік отыздық» қатарынан табылатын Еуропалық Одақпен жан-жақты ынтымақтастық ауқымын кеңейтіп келеді. Осыған орай, ҚазАқпарат тілшісімен сұхбат барысында «Алтын Орда» Халықаралық бизнес-клубының төрағасы, Еуропалық экономикалық сенат мүшесі Мархаббат Балғабай Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығы барысында ашылатын жаңа мүмкіндіктер туралы әңгімелеген болатын.
None
None

- Мархаббат Балғабайұлы, Сіз жақында Еуропалық экономикалық сенат мүшесі болғаныңыз туралы естіген едік. Бұл нендей ұйым және оған өкілдік етуден Қазақстан қандай пайда көреді? Осы туралы айтып өтсеңіз?

- Еуропалық экономикалық сенат - бұл консультативтік орган, 1997 жылы құрылған және Еуроодақтың жоғарғы рангты бұрынғы шенеуніктерінен тұрады, яғни, оның құрамына бұрынғы үкімет пен парламент басшыларынан бастап, ірі концерн өкілдері де, ғалымдар да кіреді. Мықты басқарушы мамандар зейнеткерлікке шыққаннан соң олардың әлеуетін жоғалтып алмас үшін, Еуроодақ олардың басын бір орталыққа қосып, олармен ЕО мемлекет басшылары, үкімет пен парламент төрағалары консультациялар алып отыруға жағдай жасаған. Қызметке кіріскеніне 20 жылға жуықтаған Еуропалық экономикалық сенат аса беделді ұйымға айналды, оған әлемнің түрлі елдерінен, соның ішінде Еуропалық Одаққа кірмейтін мемлекеттерді қоса алғанда 200-ден астам адам мүше болып отыр. Қазір тіпті мұнда Еуроодақтың іс басындағы шенеуніктері де жұмыс істеп жүр.

Жалпылама алғанда, Еуропалық экономикалық сенат - Еуропадағы ірі лоббистік бірлестікке айналған ұйым. Ол өздерімен ынтымақтасатын елдердің мүдделеріне сай, оларды алға жылжытумен де айналысады.

Биылғы жылы Еуропалық экономикалық сенат (ЕЭС) тарихында тұңғыш рет мұсылман елдерінің, соның ішінде Иран мен Қазақстан елдерінің өкілдері еніп отыр. ЕЭС құрамына Германия азаматтары болып табылатын түп тегі ирандық, Иран саяси элитасына жақын азаматтар - Ираш Алепур мен оның ұлы Садик Алепур енді. Ал Қазақстаннан ЕЭС құрамына мені сайлады. Айта кетейін, менің кандидатурамды осыдан біраз бұрын құрылған «Алтын Орда» Халықаралық бизнес-клубы ұсынған болатын.

Ал енді, мұндай беделді ұйымға өкілдік ету Қазақстанға не береді дегенге келсек. Еуропалық одақ бүгінгі таңда бізге бұрын соңды болмағандай ашыла түскен кезді бастан кешіп отырмыз. Сонымен бірге, геосаяси ахуалдарға байланысты ЕО пен Ресейдің қарым қатынасы күрделеніп кеткені белгілі. Ал Еуропалық нарықтың айтарлықтай бөлігі, минералдық шикізаттар мен басқа да өнімдер үлесі Ресеймен арада өрбіп келген болатын. Еуропаның ірі компаниялары өздеріне аса қажетті жеткізілімдердің үзілуіне орай біршама қиындықты бастан кешіріп отырғаны да ұғынықты.

Әлбетте, Еуропалық Одақ өздерінің тауарларын өткізу үшін басқа да көздерді табады, яғни олар өздерінің импорттарын әртараптандыруды ұдайы жолға қойып отырады. Міне, осындай әртараптандырудың бір бағытын Еуропалық Одақ өңірде біршама дамуға қол жеткізген, Еуропаға да Ресейге де тиімді әріптес саналатын Қазақстаннан тауып отыр. Ең бастысы - Қазақстан да дәл сол Ресейде бар минералды ресурстарға ие, Еуропалық Одаққа да керегі сондай ресурстарға деген қолжетімділік екенін де еске салғым келеді.

Бұдан бөлек, Еуропалық Одақ Қытаймен, осы біздің өңіріміздегі басқа да мемлекеттермен сауданы дамыту үшін жаңа қауіпсіз жолдарды іздестіруде. Ал Қазақстан іздегенге сұраған дегендей, дәл сол қайта жаңғырып келе жатқан Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан. Міне, сондықтан да, біз үшін бүгінгі таңда еуропалық нарыққа өзіміздің тауарларды жылжыту бойынша мықты әріптесті иелену мүмкіндігі туып отыр, ол әріптес - Еуропалық экономикалық сенат.

- Елбасы Сыртқы істер министрлігі жанынан Сыртқы сауда комитетін құруды тапсырған еді. Сарапшы ретінде бұндай қажеттілік неден туып отыр деп ойлайсыз?

- Бұл дер кезінде көтеріліп отырған, әсіресе, бүгінгідей жағдайда біздің экономикамыз үшін аса маңызды әрі қажетті бастама. Ондай комитет құру қазақстандық экспортты дамыту жөніндегі жұмысты жүйелендіруге, орталықтандыруға септігін тигізеді деп ойлаймын. Қазіргі күні еліміздің экспорттық саясаты Инвестициялар және даму министрлігі аясында жүзеге асып келеді. Дегенмен, инвестицияларды тарту және өнеркәсіпті дамыту жөніндегі атқарылған жұмыстарды есепке алсақ, экспорттық саясат экономика дамуының келесі кезеңіне де дайын болуы тиіс.

Әрине, Үкімет экспортты ынталандыру үшін көптеген тетіктерді құрды, Еуропада біздің дипломаттарымыз да белсенді жұмыстар атқаруда. Әлемдік нарықтарға шығу бойынша сынақ жұмыстары жүргізілуде - «Бәйтерек» ұлттық чемпиондарды ілгерілетіп жатыр, «Қазнексинвест» шет елдерде көрмелер ұйымдастыруда, Ауыл шаруашылығы да өз өнімдерін жақсы жарнамалап келеді. Алайда, бұл үлгілердің бәрі бірдей экспортты дамытудың тиімді құралы бола бермейді, соның ішінде Қазақстан үшін жекелеген компанияларды қолдап отыру аздық етеді. Бізге өзіміздің экспортттаушыларымыз үшін шет мемлекеттерде жағымды жағдайлар қалыптастыру маңызды. Соның бірі - келісімшарттар базасын құру. Мәселен, ЕАЭО аясында баға қалыптастыру үшін бәсекелестік адал болуы шарт. Біз экология мәселелері үшін де күресуіміз керек, техникалық регламенттерден де есемізді жіберуге тиіс емеспіз, мемлекеттік тапсырыстар бойынша отандық компаниялардың мүдделерін қорғауымыз керек. Осы мәселелердің барлығын да мемлекеттер басшылары деңгейіндегі екіжақты кездесулерге шығару қажет. Сонда ғана біз өзіміздің экспорттаушыларымыз үшін жағымды климатты қамтамасыз ете аламыз.

Тұтастай алғанда, салалық министрліктер тарапынан экспортты ілгерілету жөніндегі жұмыстарының тиімділігі жоғары емес, өйткені, олардың әрекеттерінде нақты келісіп пішу деген бола бермейді. Ал комитет міне осындай келісе әрекет етуді қамтамасыз ете алатын еді.

- Сіздің пікіріңіз бойынша қазақстандық экспортты сыртқы нарықтарға жылжыту стратегиясы қандай болуы керек?

- Ең біріншіден, біздің елімізде бәсекеге қабілетті өнеркәсіп үшін көп дүниелер жасалғанын атап өту керек. Біз ТМД арасында ең үздік инвестициялық климатты қалыптастырдық, жыл сайын 100-ден астам инвестициялық жобаларды жүзеге асырдық. Яғни, бізде өнеркәсіпті дамытудың іргетасы берік деуге негіз бар. Дегенмен, біздің ішкі нарығымыз өте тар. Еуразиялық экономикалық одақтың нарығына келсек, Ресеймен бір қатарда тұрып, онда бәсекелесу қиынырақ, өйткені, оның экономика құрылымы да біздікімен ұқсас. Сондықтан да, Еуразиялық экономикалық одақтан тысқары нарықтарға шығатын сәт туды, бізге.

Мен жоғарыда атап өткенімдей, жекелеген компанияларды экспорт үшін қолдап отырудың тиімділігі жоғары емес, өйткені, экспорт сыртында одан да әлсіз компаниялар қалып қояды. Ал өздерінің өнімдерін өткізіп, даму олар үшін де маңызды. Бұл ретте мемлекет барлық компаниялардың бірдей дамуы үшін жағдайлар жасауы керек, тіпті еуропалық нарыққа шығарып сату үшін сапасы келіңкіремейтіндерге де сондай жағдайлар болуы тиіс. Яғни, дұрыс бағдарланған стратегияны әзірлеуге тиіспіз. Ол үшін де ең бірінші кезекте өзіміздің экспорттық әлеуетімізді толығымен бағалап, проблемалық мәселелерді анықтауға кірісу қажет.

Екіншіден, сыртқы сауда саясатында нарықтарды санатқа бөлуге тиіспіз. Мәселен, жоғары технологиялы мемлекеттер бұлар - Батыс пен Азияның жетекші өнеркәсіптік мемлекеттері; технологиялық даму деңгейі орташа елдер - Ресей, Шығыс Еуропа, Оңтүстік Америка, Қытай және т.б.; технологиялық дамуы төмен елдер - Орталық Азиядағы көршілестеріміз, Ауғанстан, Африка елдері. Міне, осындай санаттарға сай біздің елімізде шығарылатын өнімдер тізімін жасасақ игі.

Әрине, бұл бойынша біздің елімізде Батысқа сатылатын өнімдер тізімі көп болмауы мүмкін. Негізінен ол жаққа шикізаттар кетеді. Екінші санаттағы елдерге біздің өңдеуші өнеркәсіптеріміздегі өнімдердің көбірек түрлерін экспорттауға болар еді. Ал үшінші санаттағы елдерге сатуға болатын тауарлар түрі одан да көп болуы мүмкін. Өнім сапасы соншалықты жоғары емес, әлсіз компанияларды екінші немесе үшінші санаттағы елдерге қарай бағыттау керек болады. Өйткені, жалпылама алғанда барлық елдерде де нарықтың белгілі бір сегментін иелену үшін біздің мүмкіндіктеріміз бар, тек жұмысты жандандыруға тиіспіз - көрмелер, форумдар мен басқа да шараларды арттыру керек. Сосын келісімшарттық құқықтық базаны құру да маңызды.

Экспорттауға болатын елдердің қайсысында біздің өнімдерді сату үшін кедергілер бар екенін анықтап, ол туралы отандық компанияларға хабарлап отыру керек. Яғни, қазақстандық өндірушілер өздерінің өнімдеріне жоғарыда аталған елдерде қойылатын талаптарды алдын ала білулері тиіс. Ал біздің Инвестициялар және даму министрлігіміз ынталандыру бағдарламасын дәл осы талаптар бойынша іске қосуы керек, міне сонда белгілі бір нарықтарға өту үшін сапа жақсара түседі.

Осылайша, біз негізгі төрт міндетті шеше аламыз. Біріншіден, өндірістегі сыртқы және ішкі инвестицияларды ынталандырамыз. Екіншіден, өнімдер сапасын арттырамыз, үшіншіден, өндіріс мамандарының біліктілігі артады, төртінші - инновациялар ынталандырылады. Міне, менің пайымымша, осы айтылғандар Сыртқы сауда комитетінің саясатын жасау үшін негіз бола алады.

Тағы бір айта кетейін дегенім, Қазақстан қазіргі таңда тарихи мүмкіндік кезеңінде тұр. Біз Еуропада қазақстандық экспорттың лоббиін күшейту мүмкіндігіне иеміз. Айтайын дегенім, Еуропалық экономикалық сенат арқылы күшті институттық әріптесті тауып отырмыз. Бұларсыз отандық экспортты еуропалық нарыққа жылжыту қиын шаруа болатыны сөзсіз. Өйткені, әрбір ел өз нарығын қорғайды, ал ЕЭС бізге жәрдем бере алады, өйткені, Еуропалық Одақтың өзі Қазақстанмен сауда-экономикалық қатынастарының жақсаруына мүдделі.

Кейіннен экспортты ілгерілетудің мұндай үлгісін Азияға, Америка құрлығына да, Африкаға да қолдануға болатын еді.

- Қазақстандық экспортты жылжытуға жәрдемдесу бойынша қандай жоспарларыңыз бар?

- 2016 жылдан бастап, Еуропалық экономикалық сенатта Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның Еуропалық экономикалық орталығы ашылмақ. Ол орталық әлемнің барлық елдерінен шамамен 180 компанияның экспортын өздеріне, Еуропаға тарту ісімен айналысады. Біз осы компаниялар тізіміндегі алғашқы 20 орынды қазақстандық компанияларға берілуіне қол жеткіздік. Осыған орай, жақында, шамамен 14 желтоқсанға қарай біз Еуропалық экономикалық сенатты және Орталықты таныстыру үшін Қазақстан экспорттаушыларының тұңғыш форумын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Ал келесі жылы біз Экспорттаушылардың тұңғыш халықаралық форумын өткізгіміз келеді. Оған Еуропалық экономикалық сенаттың шамамен алғанда 20 жоғары шенді мүшелерін, Еуропаның ірі концерндерінің өкілдерін, қазақстандық өнімдерді ықтимал сатып алушыларды, Еуропаның жетекше елдерінің шенеуніктерін шақырғымыз келеді. Мүмкіндікті пайдалана отырып, мен біздің Үкіметіміз осыншама маңызды шараны өткізу бойынша бізге қолдау жасайды деп сенемін.

- Әңгімеңізге рақмет. Істеріңіз ілгерілей берсін!

Соңғы жаңалықтар