13:17, 28 Қазан 2015 | GMT +5
Қазақстан Вьетнам тарапымен тоқыма өндірісі, жиһаз жасау саласында бірлескен өндірістер ашуға әзір
АСТАНА. ҚазАқпарат - Вьетнам бизнесінің Қазақстан нарығына қатынасу аясын кеңейтуге мүдделіміз. Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар елдің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау кезінде мәлім етті.
«Қазақстан Вьетнаммен ынтымақтастықты дамытуға зор маңыз беріп отыр. Біз Вьетнам бизнесінің Қазақстан нарығына қатысу аясын кеңейтуге мүдделіміз», - деді Президент. Осы орайда Елбасы Қазақстан тарапы тоқыма өндірісі, жиһаз жасау, халық тұтынатын тауарлар өндіру саласында бірлескен өндірістер ашуға әзір екенін атап өтті. Өз кезегінде сенім грамоталарын тапсыру рәсімінен кейін Вьетнам Елшісі Доан Тхи Хиен Суан екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуда Қазақстан тарапынан қолдау болатындығына сенімді екенін жеткізді. «Екі ел арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастықты алға жылжытуда өз миссиямды тиісті деңгейде жүзеге асыруға әзірмін»,- деді Елші.