Қазақстан Венгриямен бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Қазақстан-Венгрия Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Отырысты ашқан еліміздің Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Қазақстанда Венгрияның жетекші компаниялары табысты жұмыс істейтінін, бүгінгі таңда республикада 50-ге жуық бірлескен кәсіпорын бар екендігін және олардың санын ұлғайтуға қызығушылық зор екендігін атап өтті.

«Табысты ынтымақтастықтың бір мысалы агроөнеркәсіп кешені саласында инвестициялық жобаларды қаржыландыру мақсатында құрылған тікелей инвестициялардың Қазақстан-Венгрия инвестициялық қорының қызмет ете бастауы болып табылады. Біз үшін бұл шынымен маңызды оқиға, әсіресе елеулі әлеуеті бар ауыл шаруашылығы саласында өте маңызды», - деді министр.

Оның айтуынша, бүгінде аталған қордың көлемі 20 млн. АҚШ долларын құрайды. Алдағы уақытта қор табысты жұмыс істесе, оны кеңейту мүмкіншілігі де қарастырылмақ.

null  

«Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу саласындағы жобаларды іске асыруға мүдделі. Біз астық пен экологиялық таза етті экспорттауға дайынбыз. Біздің өңірлерде жарма өндіру, астықты терең өңдеу, бройлер құс фабрикасын салу бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға арналған резервтер бар», - деді Бишімбаев.

Отырыс барысында Қазақстанның денсаулық сақтау және  әлеуметтік даму министрлігі мен Венгрияның ұлттық экономика министрлігі арасында халықты жұмыспен қамтамасыз ету саласында өзара түсіністік туралы меморандумға, сондай-ақ Қазақстанның Қаржы министрлігі  қазынашылық комитеті мен Венгрияның мемлекеттік қазынашылығы арасындағы ынтымақтастығы туралы  меморандумға қол қойылды.

Бишімбаев Венгрияның ұлттық экономика министрі Михай Варгамен Қазақстан-венгр Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысының хаттамасын рәсімдеді.

Айта кетерлігі, тараптар Қазақстан-венгр Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 6-шы отырысын Будапеште өткізуге уағдаласты.

Соңғы жаңалықтар