Қазақстан Ядролық қарусыз әлем жалпыға бірдей декларациясын жасауды ұсынады - Н.Назарбаев

Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66-сессиясында сөйлеген сөзінде айтты.
«Таратпау саласындағы барлық елдердің міндеттемелерінің орындалуы үшін БҰҰ мен МАГАТЭ-тің халықаралық қолдауы мен құқықтық базасын нығайту қажет. Біз АҚШ пен Ресей арасындағы ядролық қару-жарақты бірте-бірте қысқарту туралы Келісіміді қолдаймыз. Бұл процеске «ядролық клубтың» барлық мемлекеттерінің де қосылғаны маңызды», - деді Н.Назарбаев.
ҚР Президенті атап өткендей, қазіргі күні дүниежүзінде оғаш жағдай қалыптасқан: біреулерге ядролық қаруға иелік етіп, оны жетілдіруге рұқсат етілсе, өзгелерге оны жасауға да тыйым салынған.
«Бұл әділетсіз. Халықаралық құқықтың мұндай ережелері қайта қаралуы тиіс. Мұнда әңгіме ядролық қару санын азайту және оны бірте-бірте жоюда барлық мемлекеттердің жауапкершілігін күшейту жайлы болып отыр. Ол әсіресе ядролық державаларға қатысты болуы керек», - деп мәлімдеді Қазақстан Президенті.