Қазақстан жан басына шаққанда инвестиция тартуда ТМД-да көшбасшы болып келеді - Мәскеудегі конференция

МӘСКЕУ. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Мәскеудегі «Өзара инвестициялар: келешегі және мүмкіндіктері» атты конференцияда Қазақстан мен Ресейдің экономикалық ынтымақтастығын кеңейту перспективалары талқылануда.
None
None

Бұл шараның ұйымдастырушылары - Қазақстанның Ресейдегі елшілігі, ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі және ҚР-ның РФ-дағы Сауда өкілдігі.

Конференция жұмысына 170-тен астам адам қатысты, олардың арасында БЭК өкілдері, Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдарының, бизнес және коммерциялық құрылымдардың басшылары болды.

Шараны аша отырып, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ғалым Оразбақов инвестициялық ахуалды қолайлы ұстап тұру және тікелей шетелдік инвестициялар ағынын одан әрі ынталандыру Қазақстан Үкіметінің басымдықты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан бизнес-ахуалдың қолайлылығын бағалау рейтингісінде әлемнің 183 елінің ішінде 47-ші орынға шығып отыр, - деді елші. - Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 182 млрд. АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестициялар, оның ішінде - 2012 жылы 20 млрд. АҚШ доллары тартылды. Қазақстан жан басына шаққанда инвестициялар тартуда ТМД елдерінің арасында көшбасшы болып келеді». Ол тұтастай алғанда РФ-дан инвестициялар 6,5 млрд. АҚШ доллары болғанын, оның 392 млн. доллары - өткен жылы салынғанын атап өтті.

Елші сондай-ақ Қазақстанға инвестициялар тарту үшін Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырылып жатқанын, экономиканың басымдықты секторлары белгіленгенін және оған сәйкес ел инвестицияларға барынша мүдделі екенін атап көрсетті.

Дипломатиялық өкілдік басшысы сондай-ақ Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жүзеге асыруға байланысты ашылған инвестициялық мүмкіндіктер туралы айтты.

«Біз Қазақстан экономикасына Ресейден орта бизнес келуіне мүдделіміз, - деді елші. - Жүздеген ресейлік кәсіпорындар ҚР аумағында бизнесін аша отырып, еліміздің инвестициялық тартымдылығын, жеңілдетілген заңнамаларын түсінетін болады».

Конференция қатысушылары инвестициялық қызметтің заңнамалық және практикалық қырларын, қазақстандық компаниялардың ресейлік инвестициялар нарығына шығу мүмкіндігі мен тәртібін, сондай-ақ қазақстандық жобаларға ресейлік капиталдың қатысуы мәселелерін талқылады.

Конференция ауқымында ҚР-ның РФ-дағы Сауда өкілдігі мен «Ресейдің тірегі» жалпыресейлік шағын және орта кәсіпкерлік қоғамдық ұйымы және басқа да қазақстандық және ресейлік компаниялар арасында меморандумдарға қойылды.

Соңғы жаңалықтар