Қазақстан жастары контрацепция әдістері жайында аз біледі

Бұл туралы бүгін Астанада зерттеу нәтижелеріне қатысты өткізілген конференцияда Қазақстанның репродуктивті және жыныстық денсаулық қауымдастығының атқарушы директоры Галина Гребенникова мәлім етті.
Қазақстанның репродуктивті және жыныстық денсаулық қауымдастығы мен оның өңірлердегі филиалдары өткізген аталмыш зерттеу Шығыс Еуропа және Орталық Азия аймағындағы жеті мемлекетте қолданылып келе жатқан контрацепция әдістерінің тәжірибесін саралауға бағытталған болатын.
«Зерттеуге бірнеше топ өкілдері қатысты. Олар: қыз бен ұл балалар, бозбалалар мен бойжеткендер, аналар мен әкелер. Біз адамдардан контрацепцияның барлық әдістері мен түрлері бойынша жауаптар алдық», - дейді Г.Гребенникова.
«Зерттеу нәтижелері көрсеткеніндей, Қазақстан жастары контрацепция әдістері жайында аз ақпараттанған және оның бағалары қымбат болғандықтан, қолжетімді емес», - деп атап өтті ол.