14:47, 08 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Қазақстанда 2 келі героин әкеле жатқан Қырғызстан азаматы қолға түсті - ҚР ІІМ
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ - Қазақстанда 2 келі героин әкеле жатқан Қырғызстан азаматы қолға түсті, деп хабарлады сәрсенбі күні болған брифинг барысында ҚР ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов.
«Алматы облысындағы «Рубеж-Ақтерек» бақылу бекетінде басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, полиция қызметкерлері «Ауди» автокөлігін қолға түсірді, көлік ішін тексеру барысында көлік жолаушысы, Қырғызстан азаматы болып табылатын 23 жастағы жігіттен сатуға әкеле жатқан 2 келі героин тәркіленді», - деп нақтылады Қ.Жұманов.
Оның ақпаратына сүйенсек, өткен апта ішінде 130 есірткі қылмысы анықталып, оның ішінде 23 факт есірткі сатуға қатысты болған. 160 келіден астам есірткі, соның ішінде 2,5 келі героин тәркіленді.