Қазақстанда 65 000 еңбек мигранты заңдастырылды - Е. Тұрғымбаев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда бүгінге дейін 65 000 еңбек мигранты заңдастырылды. Бұл туралы бүгін Алматы қаласында өтіп жатқан Халықаралық көші-қон және босқындарды қорғау жөніндегі Алматы үдерісіне қатысушы елдер өкілдерінің кездесуі барысында ҚР Ішкі Істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.
None
None

Оның айтуынша, мигранттардың дені - Өзбекстан азаматтары.

«2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек мигранттарының қызметін заңдастыру жөнінде құқық қорғау органдарына тапсырма берген болатын. Соған байланысты тиісті заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Содан, үстіміздегі жылы сәуір айынан бастап, күні бүгінге дейін 65 000 еңбек мигранты заңдастырылды. Олардың дені - Өзбекстан азаматтары. Олар жеке тұлғалардың қолында жұмыс істейді. Жұмыс істеу мерзімі - 1 айдан 12 айға дейін. Сонымен қатар, еңбек мигранттары ай сайын бюджетке 2 Айлық Есептік Көрсеткіш көлемінде, яғни шамамен 3700 теңге төлем жасайды. Міне, сәуір айынан бастап, күні бүгінге дейін 600 миллион теңге мемлекет қазынасына түсті. Яғни, бұған дейін бұл сомалар жұмыс берушінің қалтасында қалып келді деген сөз. Қазір еңбек мигранттарын жұмыс берушінің өзі тіркейді. Олармен еңбек келісім-шартын жасайды. Ал еңбек мигранты жұмыс берушінің қолында тұрады. Бұл мемлекеттік шара не үшін қолға алынып отыр? Басты мақсат - заңсыз миграцияны көлеңкелі бизнес саласынан заң аясына шығару. Бұл жерде Қазақстан басқа елдерге үлгі бола алады» -деді өз сөзінде Е. Тұрғымбаев.

Сонымен қатар, ҚР Ішкі Істер министрінің орынбасары осы шараның арқасында Қазақстанда еңбек мигранттары тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың азайғандығын жеткізді.

«Соңғы 10 айдың ішінде еңбек мигранттары тарапынан жасалатын әкімшілік құқықбұзушылықтар 20 пайызға азайды. Демек, аталған шара криминогендік жағдайға да оң әсерін тигізіп отыр. Сондықтан, алдағы уақытта заңды еңбек мигранттарының санын 300 000-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Неге? Өйткені, біздің есебіміз бойынша, елімізде бүгінге таңда осынша еңбек мигранттары жұмыс жасап жатыр», - деді Е. Тұрғымбаев.

Сөз соңында, Ерлан Тұрғымбаев Қазақстанда барлығы 597 босқынның бар екендігін жариялады. Олардың барлығы дерлік бизнес саласында еңбек етеді. Ал кейбір босқындарға БҰҰ тарапынан жәрдемақы төленеді. Яғни, елімізде босқындардың құқығы толығымен сақталған.

Соңғы жаңалықтар