Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік және радиотехника бойынша студенттік олимпиада басталады

ҚР ИДМ Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінен хабарлағандай, Олимпиадаға техникалық оқу орындарының 3-4 курс студенттерін және магистранттары қатыса алады.
«Біз дарынды студенттер арасында интеллектуалды сайыстар өткізіп, оларға өз білімдерін сынап, оны жұмыстарында қолдануға мүмкіндік береміз. Ең үздіктерін компаниямызға жұмысқа шақырамыз. Айта кетсек, былтырғы олимпиадаға қатыскан 8 сайыскер бүгін «МТК» РМК қызмет етеді», - деді «МТК» РМК директоры Ерлан Есмамбетов.
Есмамбетовтің айтуынша, олимпиаданың басты мақсаты - студенттердің келешек мамандығына деген қызығушылығын арттыру, болашақ мамандардың кәсіби дайындығын тексеру және кәсіптік дағдылар шеңберін кеңейту.
Естеріңізге салсақ, олимпиадаға қатысу тегін, ал жеңімпаздарды сыйлықтар мен «МТК» РМК жұмысқа тұру мүмкіндігі күтуде. Тіркеу процедураларын http://olympiada.sts.kz сайтына өтініш беру арқылы 1-3 сәуір аралығында өтуге болады.
Олимпиада екі секция бойынша екі турда өтеді: «Ақпараттық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік», «Радиотехника мен телекоммуникациялар».
Бірінші тур - дистанциялық, екінші тур - күндізгі. Тіркелген қатысушылар 3 сәуір күні сағат 18-ден бастап интернет-турдың тапсырмасына қол жеткізе алады. Орындалған тапсырмалар 6 сәуірде сағат 9-дан 18-ге дейін [email protected] электрондық поштасы бойынша қабылданады.
Интернет-турдың жеңімпаздары күндізгі турға қатысуға шақырылады. Олимпиаданың күндізгі туры Астана қаласында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың басты корпусында өтеді.