03:15, 13 Қазан 2016 | GMT +5
Қазақстанда әйелдер денсаулығын қорғаудың онкүндігі басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік сүт безі қатерлі ісігімен күрес күніне байланысты 2016 жылдың 12-21 қазаны аралығында еліміздің өңірлерінде әйелдердің денсаулықтарын қорғау онкүндігі өтеді, деп хабарланды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақпараттық науқанның мақсаты - тұрғындардың назарларын онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтап, емдеу, әйелдердің скринингтік тексеруден мезгілінде өтудің маңыздылығына аудару. Сондай-ақ шара саламатты өмір салтын сақтау мен денсаулыққа деген байсалды көзқарас қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылуда.
Онкүндік барысында республика өңірлерінде түрлі семинар, тренинг, дөңгелек үстел түрінде жиындар ұйымдастырылады. Олар әсіресе сүт безі қатерлі ісігімен күреспен енді ғана айналысып жүрген жас мамандарға арналады. Осы шара аясында білікті мамандардың қатысуымен ашық есік күндері ұйымдастырылады.
Айта кетейік, Бүкіләлемдік сүт безі қатерлі ісігімен күрес күні жыл сайын 21 қазанда аталып өтеді.