Қазақстанда азаптаудың алдын алуға қатысты ұлттық тетік алғаш рет енгізіледі - Әділет вице-министрі З.Баймолдина

Еске сала кетейік, партия Саяси кеңесінің заңнама және норма шығармашылығы жөніндегі комиссиясының отырысы «Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алуға бағытталған ұлттық алдын алу тетігін құру» тақырыбында өткен болатын.
Вице-министр жиын барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алуға бағытталған ұлттық алдын алу тетігі мәселелері туралы» заң жобасы жөнінде баяндаған болатын. Оның айтуынша, аталған заң жобасы былтырғы жылдың наурызынан бері Парламенттің қарауында жатыр.
«Заң жобасындағы басты жаңалық - өз функциясын атқаруға қатысты ұлттық алдын алу тетігіне жеткілікті мандат беру болып табылады. Бұл ретте заң жобасын әзірлеу барысындағы Үкіметтің ұстанымы - бұл дәл осыған қатысты Факультативтік хаттама бойынша мемлекет алған міндеттемелерді тиісті деңгейде орындау», - деді З.Баймолдина. Оның сөзіне қарағанда, азаптауларға қарсы ұлттық алдын алу тетігіндегі басты жаңалықтың бірі азаптаудың алдын алуға қатысты ұлттық тетік алғаш рет Адам құқығы жөніндегі уәкіл мен үкіметтік емес ұйымдар атынан енгізіледі. Ал Қазақстан Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясына Хаттаманы 2008 жылдың қазан айында ратификациялаған болатын.