Қазақстанда бағдарламашылар деңгейі күннен-күнге артып келеді - Б. Маткаримов

«Біздің оқушылар бұл олимпиадада өте жақсы нәтижеге қол жеткізеді деп сенемін. Қазір Қазақстанда бағдарламашылардың деңгейі күннен-күнге артып келеді. Өйткені, біздің жастар жыл сайын көптеген халықаралық жарыстарға қатысып , жүлделі орындардан көрініп жүр. Басқа пәндерден айырмашылығы информатика пәнінен, яғни бағдарламалаудан әлемде оқушылар, жастар, тіпті ересектер арасында да жыл сайын көптеген коммерциялық жарыстар өтіп тұрады. Бұл сөзсіз, білімді жетілдіруге септігін тигізеді», - деді Б. Маткаримов.
Сонымен қатар, осы олимпиаданың ғылыми жетекшісі өз сөзінде олимпиада жүлдегерлеріне жоғары оқу орындарына түсерде елеулі жеңілдіктер берілетіндігін жеткізді.
«Олимпиада жүлдегерлері ҰБТ тестінен босатылады. Мысалы, олар біздің Назарбаев Университетіне әңгімелесу арқылы бірден бірінші курса түсе алады. Ол «Direct admission» деп аталады. Ал қарапайым мектеп түлектері болса алдымен «Foundation» деп аталатын курсқа түседі.Сонымен қатар, көптеген жоғары оқу орындары оларды өздерінде тегін оқыту үшін грант бөледі. Әрине, кез келген жоғары оқу орны дарынды балаларды өздеріне тартуға тырысады», - деді Б. Маткаримов.
Айта кетелік, бүгін олимпиада аясында соңғы екінші тур аяқталды. Түстен кейін сағат 15.30-да оқушылар екінші турдың нәтижелерін талқылайтын болады. Ал жеңімпаздар ертең белгілі болады.