Қазақстанда елге қажетті Қарулы Күштер құрылған - Н.Назарбаев

«Тәуелсіз мемлекеттің аумақтың тұтастығын, ел еркіндігін, азаматтарды қорғайтын Қарулы Күштері болуы тиіс. Осыған байланысты мен тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап 20 жыл бойы біздің Қарулы Күштеріміздің дамуына ерекше назар бөліп келемін. Біз бүгін елге қажетті Қарулы Күштер құрдық, ел ішінде бейбітшілік пен келісім салтанат құрып келеді», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Елбасы Қазақстанда әскерді басқарудың үш түрлі жүйесі құрылғанын еске салды. «Біз арнайы оқу орындарын, кадет мектептерін аштық. Қазір Астанада еліміздің Қорғаныс университеті салынып жатыр», - деп атап өтті Елбасы.
Елбасы болашақта да мемлекет әскери мамандарды даярлауға күшті де, қаражат та аямайды деп сендірді.
«Мерзімді әскери қызмет әрқашан болады. Өздеріңіз білетіндей, біз әскери борышын өтеу мерзімін 12 айға дейін қысқарттық. Бұл жеткілікті мерзім», - деп мәлімдеді Н.Назарбаев.
Елбасы атап өткендейін, мемлекетімізде резервте тұратын қызметші дайындау ұйымдастырылған. «Кейбір себептермен әскерге бармаған жастар бар. Біздің заң бойынша 27 жастан кейін әскер қатарына шақырылмайды. Сондықтан резервте тұратын қызметшілер дайындалады. Осылайша, әлде бір жағдай туындай қалған кезде Отан қорғауға дайын болатын мыңдаған азамат дайындап шығарамыз», - деп түйіндеді сөзін Елбасы Н.Назарбаев.
"Қазір Қазақстанда әскерлердің 60 пайызы келісімшарт бойынша жұмыс істеуде", - деп толықтырды Елбасы.