Қазақстанда ірі кәсіпкерлікті қолдау шаралары жүзеге асырылуда
Еліміздің бәсекеге қабілетті бірқатар кәсіпорны қазір осы бағдарламаның екінші кезеңіне қатысуда, деп хабарлады pm.kz. сайты.
Ағымдағы жылы жалпы ішкі өнім өсімінің өңдеу саласы мен қызметтер секторындағы ілгерінді қарқынның арқасында қамтамасыз етілуі ұлттық экономиканың орнықтылығын, оның әртараптану және индустриялық даму жолына шыққанын көрсетеді. Алдын ала бағалау бойынша, қаңтар-қараша айларында ЖІӨ 7,5 пайызға өсті, ал қысқамерзімдік экономикалық индикатор 11 айда 7,3 пайыз құрады.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс кен өндіру секторымен салыстырғанда (1,6%) ілгерінді қарқынмен (6,7%) өсіп келеді, негізінен химия өнеркәсібінің -22,5, машина жасау саласының - 19,6, металлургия өнеркәсібінің - 6,7 пайыз өсуі есебінен. Жалпы өнеркәсіптік өндірістің өсімі 3,8 пайызды құрады.
Жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту және жұмыс орындарын сақтау мақсатында ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Дағдарыстан кейін қалпына келтіру бағдарламасын (бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру) жүзеге асыруда.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XIII съезінде Үкіметке осындай бағдарлама жасауды тапсырған болатын. «Үкіметке, Ұлттық банкке және Қаржы нарығын қадағалау агенттігіне Дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.... Біз бәсекеге қабілетті кәсіпорындарға көмектесетін боламыз»,- деді Елбасы өз сөзінде.
Айта кету керек, 2011 жылдың 28 қазанында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Сауықтыру жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтіп, онда бағдарламаның екінші кезеңіне жіберілген кәсіпорындардың тізбесі бекітілді.
Бүгінгі таңда бағдарламаға қатысатын еліміздің жүйеқұрушы бірқатар кәсіпорындары анықталды, олардың қатарында «Оптовый клуб» ЖШС; «MEGA Center Management» АҚ («MEGA Center Astana», «MEGA Center Alma-Ata», «MEGA Center Shymkent»); «Мега Центр Ақтөбе» ЖШС; «Raimbek Group» («Raimbek Bottlers», «Raimbek Agro», «Good Food company») компаниясы, «Масло-дел» ЖШС және «Қазақцемент» ЖШС бар.
Мақұлданған компаниялар Қазақстанның барлық дерлік өңірін және экономиканың ауқымды саласын қамтып отыр, олардың қаржылық ұйымдардың алдындағы жалпы міндеттемелері 88 млрд. теңгені құрайды. Бағдарламаға сәйкес, екінші кезеңде консультанттар сауықтыру жоспарларын әзірлейді және оларды кредиторлар комитеті бекітеді, одан кейін бұл жоспарлар Сауықтыру кеңесінің отырысында қаралады.
Аталған кәсіпорындардан басқа, тағы 21 кәсіпорын қажетті құжаттарды жинастыру кезеңінде. Әлеуетті қатысушылар бағдарламаға қатысу үшін өз өтініштерін 2012 жылдың 1 наурызына дейін бере алады.
Қазақстанда бизнесті қолдаудың 100-ден астам тетігі қарастырылған. Дағдарыстан кейін қалпына келтіру бағдарламасының аясында жүйеқұрушы кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. 2016 жылға қарай жүйеқұрушы 30-50 кәсіпорын сауықтыру процедурасынан өтіп, олардағы жұмыс орындарының 70 пайыз сақталады деп жоспарлануда.