Қазақстанда іске асырылып жатқан жаңа индустриялық жобалар мүдделі шетелдік инвесторлар үшін жақсы мүмкіндіктер болып табылады - Мемлекет басшысы

Өз сөзінде Президент дәстүрлі кездесу Қазақстанның сыртқы саясаты үшін мерейтойлық жылда өткізіліп отырғанын атап өтті. Бүгін еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғанына 20 жыл толады. Қазақстан биыл бірқатар елдермен - сыртқы саяси серіктестерімен дипломатиялық қатынастар орнағанына 20 жыл толуын атап өтеді.
Мемлекет басшысы Қазақстан жиырма жыл ішінде біздің елімізбен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі елдердің барлығымен, жақын көршілерімізбен сындарлы қарым-қатынастар орнатқанына тоқталды.
Президент кездесуге қатысқан елшілер мен шетелдік дипломатиялық мисссияның басшыларына елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде көптеген табысқа қол жеткізгенін атап көрсетті. Мерейтойлық 2011 жыл әлемдік экономикалық дағдарыстың жалғасып отырғанына қарамастан, Қазақстанда экономикалық өсімнің одан әрі жоғары динамикасын көрсетті. Елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 7,5 пайызға артты. ЖІӨ көлемі жан басына шаққанда 11 мың доллардан асты. Екі жыл ішінде елдің индустриялық-инновациялық даму бағытында 400-ге жуық жаңа өндіріс тұрғызылды. Индустриялық секторда 90 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Қазір 60 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 2 миллиард доллардың өнімін өндірді. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2011 жылы 126 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткіш 2010 жылмен салыстырғанда, 40 пайызға артты. Әлемдік рыноктағы Қазақстан өнімдерінің экспорты 88 миллиард долларды құрады. Оның ішінде 21 миллиард доллардан астамы шикізаттық емес тауарлар. Өткен жылы Қазақстан экономикасына 18 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Елдің жиынтық алтын-валюта қоры 82 млрд. долларды, оның ішінде Ұлттық қор 47 млрд. долларды құрады.
Президент Қазақстанда іске асырылып жатқан жаңа индустриялық жобалар мүдделі шетелдік инвесторлар үшін жақсы мүмкіндіктер болып табылатынын атап өтті.
- Біздің жоспарымыздың ерекше маңызды аспектісі - елдегі қолайлы инвестициялық климатты нығайту. Осы жоспарда «электронды үкіметті» дамыту, жемқорлықпен күресті күшейту, бизнес алдындағы әкімшілік кедергілерді төмендету жөніндегі қадамдар белгіленген. Біз кең ауқымды экономикалық, соның ішінде инфрақұрылымдық жобалар, бізде өзара тиімді жағдайда жұмыс істеулері үшін шетелдік бизнесті қызықтырады деп есептейміз. Барлық елді Қазақстанмен ынтымақтасуға шақырамын. Біз мемлекеттік - жеке кәсіпкерлік саласында жұмыс істеуге дайынбыз, оның аясында шетелдік бизнес, Үкімет және біздің зейнетақы қорларымыз ынтымақтастықта болады, - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев екінші стратегиялық міндет - әлеуметтік саланы жаңғырту, халықтың әл-ауқат деңгейін арттыру екенін атап өтті. Қазақстандықтар үшін жақсы жағдай жасау - бұл елдегі жоғары қарқынды экономикалық өсімінің және даму тұрақтылығының сақталуының кепілі. Елдің таяу онжылдықтағы ішкі саясатының басты ойы осыған келіп саяды.
Қазақстандағы үлкен артықшылықтар мемлекет басқа елдермен қарым-қатынастары «таза парақтан» басталғандығында болып отыр. Жиырма жыл ішінде барлық көршілес елдермен мемлекеттік шекара мәселесі реттелді. Бірлескен күш-жігердің арқасында Қазақстан мен посткеңестік кеңістіктегі өзге елдер барлық стратегиялық бағыттар бойынша мемлекетаралық қарым-қатынастардың нақты заманауи жүйесін таба білді.
Мемлекет басшысы Орталық Азия ядролық қарудан азат аймақ екеніне тоқталып өтті. Орталық Азия әлемнің жаһандық энергетикалық орталықтарының бірі болуы үшін қажетті зор әлеуетке ие. Қазақстан орталық-азиялық интеграция үдерісінің дәйекті жақтаушысы болып қала береді. Интеграция бірлескен ірі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін кең мүмкіндіктер ашуға жалғасады.
- Біз өңір елдерінің халықаралық терроризммен және экстремизммен, заңсыз көші-қонмен, есірткі транзитімен және өзге де қазіргі заманғы қатерлермен күресте әлемдік қоғамдастықтың алдыңғы қатарында болуы үшін үлкен мүмкіндіктіктері барын көріп отырмыз. Бұл ретте Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ және өзге де халықаралық ұйымдардың арнайы мамандандандырылған өкілдіктерінің қызметін құптайды. Қазақстан өңірдегі өз миссиясын өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылық жүйесін дәйекті нығайтумен байланыстырады, - деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев биыл Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) үдерісі үшін мерейтойлық жыл екенін атап өтті. АӨСШК-ті шақыру Президент бұдан 20 жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясының мінберінде көтерген, тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаттағы алғашқы бастамасының бірі еді. Іс жүзінде АӨСШК Еуразия мен жаһандық деңгейдегі қазіргі заманғы халықаралық қатынастар жүйесінде оның қатысуының едәуір іскер түрдегі қадамын қарастыратын өзара іс-қимыл деңгейіне көтерілді. Әңгіме келешекте толыққанды жаңа Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы болып отыр.
- Мені 2010 жылы желтоқсанда ЕҚЫҰ-ның тарихи саммитін қабылдаған елдің Президенті ретінде, Астана декларациясын жүзеге асырудағы динамиканың болмауы алаңдатпай қоймайды. ЕҚЫҰ деп аталатын кеме әлі де гуманитарлық өлшемдерге қырын қараумен келеді. Елдің бір тобының келесісіне қысым көрсетуі үшін ұлттық сайлауларда байқаушылар миссиясы сияқты инструментті босқа пайдалану әрекеттері тағы да байқалуда. Егерде іс осылай жалғаса беретін болса, онда біз болашақтағы барлық сайлауларда бұндай миссиялардан бас тартатын боламыз. Бұл тек мен ғана пікірім емес, барлық ТМД-да айтылуда, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан қашанда өңірлік және әлемдік саясаттың лайықты және бастамашыл ойыншысы болып келгенін және болып қала беретінін қадап айтты. Еліміз өңіраралық және мәдениетаралық үнқатысуларды дамыту идеясын ұстанып келді және алда да ұстана бермек.
Мемлекет басшысы біздің әлемімізге айналған жаһандық ақпараттық қоғам халықаралық қатынастар жүйесінде жаңа көзқарасты талап ететініне тоқталды. Ең алдымен, жаһандық шешімдерді қабылдау тәртібі әділ болуы тиіс.
- Шындық мынадай, бүгінде «G-8»-де, «G-20»-да жеткіліксіз. Сондықтан да мен әлемдік қаржы дағдарысы жүйесіндегі ағымдық проблемалардың шешімін іздеу және БҰҰ-ның дағдарысқа қарсы кешенді шараларды әзірлеудің анағұрлым ауқымды алаңын - «G-глобал» жаңа форматын ұсындым. «G-глобал» - барлық мемлекеттерді, әлемдік саясаттың халықаралық, үкіметтік емес субъектілерін, сондай-ақ жекелеген саясаткерлерді, қоғам қайраткерлерін, сарапшылар мен ғалымдарды өзара іс-қимыл мен ынтымақтастыққа шақыратын алаң, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент халықаралық ұйымдардың елшіліктері мен өкілдіктерінің жұмысы Қазақстанның жас астанасы үшін үлкен мәнге ие екендігін атап өтті.
- Араларыңызда Астанаға жақында келіп жұмыс істей бастағандар болса, осы қыста біздің климат қаншалықты қатал болғанын көрген болар. Алайда табиғаттың болжап болмайтын ауа-райынан айырмашылық, Қазақстанның барлық елдермен қарым-қатынасы әрқашан «жылы». Біз оны қадірлейміз және біздің қарым-қатынасымыздың әлеуеті тек нығая түсуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз , - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Одан кейін қалыптасқан дәстүр бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ибрахим Хасан Саиф мырза сөз сөйледі.