Қазақстанда исламдық қаржыландыру жүйесі толыққанды жүзеге асатын болады

АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Жаһандық дағдарыстан кейінгі жағдайды қоса алғанда исламдық қаржыландыру әлемнің қаржы жүйесіндегі ең қарқынды дамып келе жатқан секторы екендігін баршаға мойындатып келеді. Мәселен, Халықаралық валюта қорының Таяу және Орта Шығыс пен Орталық Азия департаментінің кеңесшісі Зейне Зейдане исламдық қаржыландыру секторы жыл сайын орта есеппен 20 пайыздық өсіммен дамып отырғанын алға тартады.
None
None

Ондағы жылдық орташа өсім 9 пайызға тіркеліп, жалпы ішкі өнім 200 миллиард доллардан асқан. Жаһандық дағдарыс дауылынан соң қаржы құралдарын жаңартып, жаңа бағыттарды саралауға кіріскен әлемдік сәулет сарапшылары да исламдық қаржыландыруға басқаша қарай бастағаны белгілі. 

Қазақстан да отандық нарыққа ислам қаржысын ендіру болашағы мен мәселелеріне зор қызығушылық танытады. Оның үстіне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 2020 жылға дейін ТМД және Орталық Азияда исламдық банк жүйесін құру орталығына айналу және Азиядағы жетекші қаржы орталықтардың ондығына кіру қажеттігін жүктеген болатын. Осы бағытта бірқатар шаралар атқарылды. Мәселен, еліміздегі ислам банктері мен исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша  заң нормалары бекіді. Исламдық қаржыландыруды дамыту жөніндегі 2010-2012 жылдарға арналған Жол картасы бағдарламасы да қабылданды. Қазақстан өзге елдердің тәжірибесін зерттеу үдерісін әлі жалғастыруда. Дегенмен, ендігі кезең - исламдық қаржыландырудың елімізде толыққанды жұмыс жасауы үшін заңнамалық тіректерді қамту. Жақында Парламент Мәжілісіне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және исламдық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түскен болатын. Аталған құжаттың негізгі мақсаты да - сол, яғни Қазақстанда исламдық қаржыландыру жүйесінің толыққанды қызмет етуін баптау болып табылады.

Ал заң жобасының тұжырымдамасына тоқталсақ, Ұлттық банк тарапынан әзірленген құжат бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, екі басты мәселеге екпін беріледі. Оның бірі исламдық сақтандыруды (такафулды) енгізу үшін заңнамалық базаны құру және тауар мурабахасы операцияларын дамытуға қолайлы жағдайлар жасау бөлігінде исламдық банктер қызметінің мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру болып табылады. Екінші басты бағыт - дәстүрлі сақтандыру қызметінің тәуекелдерін азайту. Бұл үшін сақтандыру төлемдеріне кепілдік берудің мемлекеттік жүйесін құру, қызметкердің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаған кезде оны жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыру мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру шаралары көзделеді.

Бұның ішінде исламдық қаржыландыру қағидаттарын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар шеңберіндегі исламдық сақтандыруды енгізу көзделеді. «Қарапайым сақтандыру исламдық қаржыландыру қағидаттарына қайшы болғандықтан, ол исламдық қаржы жүйесіне қатысушылардың тәуекелдерін жабуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан, исламдық сақтандыруға деген объективті қажеттілік туындады. Осыған байланысты заң жобасында исламдық сақтандырудың негізгі қағидаттарын заңнамалық тұрғыдан бекіту және исламдық сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметіне қойылатын талаптарды айқындау көзделеді», - дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев. Бұл ретте дәстүрлі сақтандыру жүйесі бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік берудің мемлекеттік жүйесін құру арқылы (банк секторына ұқсас) сақтандыру қызметінің тәуекелдерін азайтуға ықпал ететін түзетулер ұсынылады. Осыған байланысты «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы» Заңға Ұлттық Банктің, сондай-ақ сақтандыру ұйымдары-қатысушылардың Қор акционерлері болып табылатынын көздейтін түзетулер енгізіледі.

Ұлттық банк өкілінің айтуынша, заң жобасымен исламдық қаржыландырудың барынша талап етілетін құралы ретінде тауар мурабахасын жүзеге асыру шарттарын жетілдіру қосымша ұсынылады. Бұл ретте «тауар мурабахасы» айналым капиталын қаржыландыруға бағытталған өнім болып табылады және тауар-материалдық қорларды сатып алу-сату арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты заң жобасы арқылы «Банктер және банк қызметі туралы» қолданыстағы Заңға тауар мурабахасын ислам банктерінің банктік операциясы деп тану бөлігінде, ал Салық кодексіне тауар мурабахасы шартын жасасу кезінде қосылған құн салығын есептеудің бөлек әдісін қолдану, «тауар мурабахасы» операциясын жүзеге асыру үшін халықаралық тауар биржаларының тізбесін бекіту қарастырылады.

Бұдан басқа заң жобасында қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаған кезде оның жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру шаралары да қарастырылған.

«Қазіргі кезде қарастыруды талап ететін проблемалық мәселелердің бірі қызметкерлерді жазатайым жағдайлардан сақтандыру кезіндегі қаражат ағындарының теңгерімсіздігі болып табылады. Жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандырудың қолданыстағы жүйесі өндірістік жарақаттану және кәсіби аурулар кезінде жоғалған жалақы мен медициналық шығыстарды өтеу шығындарын жабуды болжайды. Ұзақ инкубациялық кезеңмен, және соның салдарынан, сақтандыру жағдайының басталғандығы туралы кешіктіріп хабарлаумен сипатталатын кәсіби аурулардан болған зияндарды жабу, сондай-ақ қызметкердің қызметтің белгілі түрлерін жүзеге асыру кезінде жоғары ықтималдылықтың басталуымен және олардың өсу қарқынымен бірге сауықтырудың төменгі деңгейімен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің орнықтылығын және тұрақтылығын сақтаудың негізгі факторы болып табылды», - дейді Данияр Ақышев.

Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық Банк салдарды сараптап, нәтижелерді бағамдай келе, оларға сәйкес ағымдағы талаптар сақталған кезде жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыру жүйесінде 2015 жылға дейін барлық сақтандыру ұйымдары мәжбүрлеп таратылатынын алға тартады. «Қазіргі уақытта қолданыстағы сақтандыру шарттары бойынша кейінге қалдырылған (толық резервтелмеген) шығындар 48 млрд. теңгені құрайды. Салыстыру үшін өмірді сақтандыру нарығының жиынтық капиталы 50 млрд. теңгені құрайды, 2011 жылы жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыру бойынша 16,7 млрд. теңге мөлшерде сақтандыру сыйақылары алынды», - дейді Д. Ақышев.

Жалпы, көптеген сарапшылар елімізде ислам банкі мен исламдық қаржыландыру жүйесін дамыту келешегі зор деп қарайды. Ең бастысы заңнамалық қолдау тетіктері аса қажет.

Соңғы жаңалықтар