Қазақстанда исламдық қаржыландырудың көлемі 40 млрд. долларға жетуі мүмкін - Қ.Лама-Шариф

«Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі таңда Әмірліктер аймақта жалпыға танылған қаржы орталығына айналған. Сонымен қатар, осы Араб елінде аса үлкен экономикалық және инвестициялық әлеует шоғырланған. Яғни, Әмірліктерде жиынтық көлемі 1 трлн АҚШ долларынан асатын әлемдік ірі инвестициялық қор бар»,-деді Елші.
Қ.Лама-Шариф атап өткендей, Қазақстанның инвестициялық саясатының бір басым бөлігі - Астана халықаралық қаржы орталығын құру. Әмірліктер өз тарапынан Дубай халықаралық қаржы орталығының тәжірибесін бөлісуге үлкен ықылас танытып отырғанын да айтты Елші.
«Әмірліктер тарапы өзінің тәжірибесі мен білімін үлкен құлшыныспен бөлісуге дайын екенін айтты. Кеше ғана өткен Астана экономикалық форумында Дубай халықаралық қаржы орталығының вице-президенті осыны растады. Дубай халықаралық қаржы орталығының тәжірибесі Астана халықаралық қаржы орталығын дамытуға қуатты серпін береді деп күтілуде. Және Қазақстанның экономикасына 350 млрд доллар инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Өздеріңіз білесіздер, Астана халықаралық қаржы орталығының жаңа бағыты - экономикамыздағы көптеген жобаларға ислам қаржыландыруын тарту. Осы ретте, ислам қаржыландыру көлемі 40 млрд долларға жетуі мүмкін»,-деді Қ.Лама-Шариф.