Қазақстанда контрабандамен айналысқан күдікті Беларусьте ұсталды
«Беларусь Республикасының Бас прокуратурасы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қазақстан азаматы Ю.Морозовты экономикалық контрабандалық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуға беруге қатысты сұрауын орындады. Аталмыш азамат қымбат автокөліктерді кедендік құнын төлемей контрабандалық жолмен тасымалдағаны үшін айыпталып отыр. Оның бұл әрекетінің салдарынан мемлекетке 23 млн. теңгеден астам залал келген», - деп көрсетілген хабарламада.
Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, тергеу органдарынан жасырынып жүрген айыпталушы бірнеше жыл бойы мемлекетаралық іздеуде жүрген. Ол осы жылы қаңтар айында Беларусьтің Брест қаласында ұсталған. Оны Қазақстанға беру жөніндегі шешімге екі елдің басты қадағалау органдарының арасындағы қалыптасқан ықпалдастықтың арқасында қол жеткізіліп отыр.
Астана қаласының прокуратурасының қызметкерлері Ю.Морозовты Қазақстанға жеткізді, қазір ол уақытша ұстау оқшаулағышында қамауда. Тергеу амалдары жүргізілуде.