Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің саны қысқаруы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект кей мамандардың орнын алмастыруы мүмкін. Сарапшылар олардың ішінде мемлекеттік қызметшілердің де барын айтады.
– Менің ойымша, жасанды интеллект енгізілгеннен кейін мемлекеттік қызметшілердің санын қысқарту мәселесі де көтерілуі мүмкін. Себебі бірқатар функцияны енді жасанды интеллект атқара алады. Ол – көмекші құрал. Ең бастысы, онымен дұрыс жұмыс істей білу керек, - дейді Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты Рүстем Бектрумов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Алайда этномедиатор бұл технологияның адамды толық алмастыра алмайтынын айтады.
– Кейбіреулер жасанды интеллект журналистерді, суретшілерді, музыканттар мен дизайнерлерді алмастырады деп қорқады. Бірақ бұл мүмкін емес. Себебі олар сезімді, шығармашылық күйді, адамның жан дүниесін шынайы суреттеп бере алмайды. Өйткені жасанды интеллектіде жан жоқ. Ол шығармашылық салада тек көмекші құрал бола алады, - дейді сарапшы.
Маман жұмысын ЖИ алмастыруы мүмкін қызметкерлер туралы да пікір білдірді.
– Мәселе жасанды интеллектінің біреудің орнын басуында емес. Ең бастысы, кез келген мемлекеттік қызметкер еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы керек. Ол үшін әр адам үнемі өз білімін жетілдіріп, кәсіби деңгейін көтеріп отыруы қажет. Тек сол кезде ғана өз орнын сақтап қалады немесе басқа салада жұмыс таба алады. Иә, мемлекеттік органдарда үлкен штаттар бар. Олардың ішінде кейбір мамандар жеткілікті дәрежеде білікті болмауы мүмкін. Мұндай жағдайларда кадрлар ауысып отырады. Бірақ адам өз-өзімен жұмыс істесе, білімін жетілдірсе, еш қиындық болмайды, - деді ол.
Айта кетейік, Өзбекстан үкіметі ЖИ-ді енгізе отырып, 2 мыңнан астам шенеунікті жұмыстан босатпақ.