Қазақстанда онлайн сақтандыру енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда онлайн сақтандыру енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстырған еліміздің Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Экономикалық белсенділіктің төмендеуі қаржы жүйесіндегі жаңа технологияларды, сақтандыру нарығындағы бизнес процестерді қайта  қарауды талап етеді. Қазіргі кезде сақтандыру  қызметтеріне сұраныс төмен. Азаматтардың, кәсіпорындардың мүддесін қорғайтын тиімді құралға айналған жоқ. Соған сәйкес экономикамыздың дамуында оның маңызы әлі де төмен. Сақтандыру сыйақысының мөлшері соңғы 10 жылда ЖІӨ-нің 1 пайызынан аспады. Біз дамыған елдерден ғана емес, көптеген көрші елдерден артта қалып отырмыз. Мысалы, ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш - 7,5 пайыз. Сонымен бірге сақтандыру секторы ДСҰ-ның шетелдік компаниялары филиалдарын кіргізу талаптары іске асырылатын алғашқы сегмент болады. Мұндай жағдайда шетелдік ойыншылар тарапынан бәсекеге төтеп беретін сақтандыру секторының орнықты даму моделін қамтамасыз  етуге уақыт аз қалды. Сондықтан ортаның өзгеруі және сақтандыру нарығының алдындағы  сын-қатерлер заңнаманы  одан әрі жетілдіруді талап етеді», -  деді Ақышев.

Оның айтуынша, Заң жобасы халық пен бизнес үшін сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігінің сапасын арттыруға және құнын арзандатуға, сақтандыру қызметін тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімді  тетігін арттыруға,  сақтандыру ұйымдарының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

«Заң жобасында онлайн сақтандыруды  енгізу көзделген. Әлемде онлайн сатып алушылардың үлесі 40 пайызды құрайды. 2015 жылы тұтынушылардың 79 пайызы таяу жылдары сақтандыру құжатын электрондық арналар арқылы сатып алуға дайын  екендігін білдірді. Мысалы, Ұлыбританияның 70 пайыздан астам тұрғыны сақтандыру құжатын телефон немесе интернет арқылы сатып алады. Францияда онлайн полисті сатып  алушы клиенттер 50 пайызға жуық. Қазақстанда халықтық онлайн сақтандыруды енгізу арқылы сақтандыру шартын электрондық нысанда жасау мүмкіндігі бар. Осыған дейін құқықтық база мұндай өнімді толық енгізуге мүмкіндік берген жоқ. Заң жобасы қабылданған жағдайда сақтандыру компаниясының интернет ресурстары арқылы кеңсеге  бармай немесе агенттің қатысуынсыз сақтандыру шартын жасауға болады. Сондай-ақ  төлемін алу үшін онлайн өтініш жасауға мүмкіндік бар», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев аталған Заң жобасы Үкімет мүшелері тарапынан толық қолдауға ие болғаннан кейін, құжатты бір айдың ішінде Мәжіліс қарауына енгізуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум