Қазақстанда өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік күштерінің үшкүндік оқу-жаттығулары аяқталды
ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл оқу-жаттығуларға Ұйымға мүше мемлекеттердің ең үздік деген құрылымдық бөлімшелері қатысты. Қазақстандағы бітімгерлік қимылдарға мыңға жуық адам, жетпіс шақты автокөлік, 35 бронды техника және төрт тікұшақ тартылды.
Жаттығуларға Қазақстан Қарулы Күштерінен бес жүзден астам адам, алпысқа жуық автокөлік және 24 бронды техника, 4 тіқұшақ жұмылдырылды. Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінен мотоатқыштар батальоны, Армения, Беларусь, Тәжікстан және Қырғыз Республикаларынан бітімгерлік топтар қатыстырылды.
Әскери басқару органдары, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер қарулы күштерінің бітімгерлік контингенттері шартты түрде алынған мемлекет аумағында бейбітшілікті қолдау операцияларына даярлық жаттығуларын өткізді. Халықаралық оқу-жаттығудың түпкі мақсаты - ҰҚШҰ-ның құрамына кіретін шартты мемлекетте халықаралық экстремисттік, террорлық ұйымдардың әрекеттеріне тойтарыс беріп, түрлі этникалық топтар арасындағы қарама-қайшылықтардың салдарынан пайда болған дағдарысты шешу.
ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік күштерінің Қазақстанда өткен бейбітшілікті қолдау операциялары он күнге созылды. Жаттығу жоспарына сай қақтығысушы тараптар атысты тоқтату туралы келіссөздер жүргізді. Ұжымдық күштермен келісе алмаған шартты қарсылас түрлі қоймаларға шабуыл жасап, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді қолды қылды.
Заңсыз қаруланған банды құрамы Ұжымдық бітімгерлік күштерін қару қолдануға итермеледі. Олар гуманитарлық жүк артылған лекке шабуыл жасап, босқындар арасына еніп кетеді. Бітімгершілердің тобына қарсы әрекет еткен лаңкестер бейбіт халыққа қарсы күш көрсетеді. Ұжымдық күштер жауапкершілік аймағындағы өздерінің позициясын сақтап қалады. Бөлімшелер іс жүзінде дағдарысты ауданда қақтығысқан тараптарды ажырату, қарусыздандырылған аймақтар жасаумен айналысты. Көп ұлтты күштерден құралған әскери қызметшілер аймақты минасыздандыруға, өмірлік маңызы бар нысандарды күзетуге, әскери техниканың, қару-жарақтың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың тасымалы мен тәркіленуін тоқтатуға ықпал ете алды.
Шартты қарсылас ауыздықталған соң бітімгерлер бейбіт халықтың өз мекендеріне қайтып оралуына қауіпсіз жағдай жасай отырып, оларға медициналық көмек көрсетті.
Ұжымдық бітімгерлік күштерінің шартты мемлекет аумағында өткізген «Мызғымас бауырластық-2012» оқу-жаттығуларына басшылық еткен әскер басылары жаттығулардың көздеген мақсатына жеткенін, ал көпұлтты күштердің барлық кезеңде өте жақсы жауынгерлік білімдері мен біліктерін көрсеткенін баса айтты.