Қазақстанда парникті газдарды шығару көлемі 2050 жылға дейін 25 пайызға азаяды - Е. Сәдуақасова
Бұл туралы бүгін «BNews.kz» порталында өткен online-конференцияда ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Елдана Сәдуақасова мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, online-конференция «Киото хаттамасын жүзеге асыру - климаттың өзгеруіндегі проблеманы шешудің басты қадамы» атты тақырыпта өткен болатын.
«Киото хаттамасына сәйкес, бүгінгі күннің негізгі міндеті 2050 жылға қарай Жердің жоғары қабатында температураны -2 градустан аспайтындай деңгейге қол жеткізу. Киото хаттамасы мен оның қосымшасын қабылдаған әлем елдері осы көрсеткішті жүзеге асыру мақсатында жұмыстар атқарып жатыр», деді Е. Сәдуақасова. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы да 1999 жылы Хаттаманы ратификациялай отырып, өзіне үлкен міндеттер алды.
«Атап айтқанда, Қазақстан біршама кезеңдер аралығында парникті газдардың шығарындысы мөлшерін азайтуға қатысты өзіне міндеттеме алады. Солған сәйкес, өткен жылы ел Үкіметі 2020 жылға дейін парникті газдарды шығарындысын 15 пайызға дейін, 2050 жылы 25 пайызға дейін азайту туралы шешім қабылдады. Бұл ретте қазіргі күні елімізде парниктік газдар шығарындысына қатысты реттеу жүйесі енгізілуде», деді вице-министр.