Қазақстанда салық көлемі төмендетілуі ықтимал - Апталық шолу
Министрдің айтуынша, 2010 жылдан бері елімізде салық жүктемесі біртіндеп төмендетіліп келді және қазіргі уақытта барынша төмен болып отыр. «5 пайыздық зейнетақымен қамтамасыз ету, әлеуметтік-медициналық сақтандыру төлемдері бойынша қабылданған шешімдерге байланысты жалақы қорына жүктеменің арта түсетіндігімен түбегейлі келісемін. Бұл бізді алаңдатып қана қоймай сонымен бірге қорды қалай қысқарту керектігін ойландырып та отыр. Әзірленіп жатқан Салық кодексі аясында біз салық жүктемесінің қандай элементтерін төмендетуге болатындығын ойластыратын боламыз. Әзірше, зейнетақы жүйесін, медициналық қамсыздандыруды қоғамдық қайта теңгерімдеусіз төмендетуге болатын жалғыз элемент - бұл әлеуметтік салық болып тұр. Оны төмендетуді ойластыратын шығармыз», - деді Сүлейменов депутаттардың осы мәселеге қатысты сауалына орай.
Кейін министр Үкімет сағаты аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Қазақстандаәлеуметтік салық қаншалықты төмендеуі мүмкін екенін айтты. «Оның (әлеуметтік салық) әсерін сезіну үшін 1,5-2 есеге қысқарту қажет. Дегенмен, бұл мәселе салық салу жөніндегі жұмыс тобы аясында қарастырылып жатыр және Үкімет тарабынан бекітілген жоқ. Нақты соманы жария етуге дайын емеспіз», - деді Тимур Сүлейменов.
Айта кетейік, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы № 99-IV Кодексінің 355-бабына сәйкес, жеке кәсiпкерлер; жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгiленбесе Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары, Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекемелер арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар, қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шартқа сәйкес, тұрақты мекеме құруға әкеп соқпайтын, филиал немесе өкілдік арқылы қызметін жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар әлеуметтiк салық төлеушiлер болып табылады.
Су тасуы мүмкін өңірлер
Осы аптадағы Үкімет отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Қазақстандағы көктемгі су деңгейінің көтерілуі жайында баяндады. Қазіргі кезде барлық өңірлерде тиісті шаралар жүргізілуде.
«24-25 наурызда Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарындағы жағдайды әуе көлігімен қарап шықтық, ал 29 наурызда Қарағанды облысының аумағын тексереміз»,-деп тоқталды министр.
Қасымовтың сөзіне қарағанда, бұдан бұрын гидрометеорологиялық орталықтың мәліметі мен су қоймаларындағы жағдайды ескере отырып, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары қауіптіліктің жоғары деңгейіне жатқызылған болатын.
«Алайда, соңғы ауа райы мәліметтерін ескере келе, қауіптілік Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында сақталып отыр. Қызылорда бойынша баяндадық, яғни судың біршама тасуы орын алды. Мұздың жарылу кезеңі өтті, осы орайда, айтарлықтай қатер жоқ. Ауа райын ескере отырып, Қостанай облысында су деңгейінің көтерілуін 6-7 сәуірге, ал Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында 8-9 сәуірге болжадық. Аталған мерзімге барлық күштер дайындалып, барлық қажетті шараларды қабылдаймыз», - деді ҚР ІІМ басшысы.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бұл мәселені үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.
Қазақстанда егістіктер аумағы артады
Өтіп бара жатқан бұл аптадағы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрi Қайрат Айтуғанов 2017 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, 2017 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22 миллион гектар алқапта орналастыру жоспарлануда, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 311 мың гектарға артық.
«Оның ішінде көктемгі егіс көлемі 18,5 млн. гектарды құрайды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, ішкі нарықты отандық өніммен толықтыруға, құрама жем және қайта өңдейтін кәсіпорындардың жүктемелігін арттыруға, мал шаруашылығында жем-шөп базасын нығайту үшін егістік жерлерді әртараптандыруда мынадай жұмыстар жүргізілуде»,- деп тоқталды Қ. Айтуғанов.
Осы ретте мал азығы дақылдарының егістік көлемі (арпа, сұлы, жүгері, асбұршақ, ноқат) - 206 мың гектарға, жарма дақылдары - 32 мың гектарға, майлы дақылдар - 60 мың гектарға, қант қызылшасының егістік көлемі 7 мың гектарға артады деп жоспарлануда.
Суды көп қажет ететін дәнді-дақылдар, соның ішінде күріш көлемін 2 мың гектарға, мақтаны - 4,6 мың гектарға, бидайды 338 мың гектарға қысқарту көзделуде. Жалпы дәнді-дақылдардың егістік алқабы 15 млн. гектарды құрайтын болады, оның ішінде бидай 12 млн. гектарға егілмек.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы АӨК субъектілерімен көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге бөлінген бюджеттік несие көлемі 60 млрд. теңге. Осы қаражаттардың шеңберінде жалпы 3 млн. гектар егістік алқапты қамти отырып, 1500 АӨК субъектілерін қаржыландыру көзделіп отыр. Бұл тұрғыда, мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігін және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың жүктемелігін арттыру мақсатында қаржыландыру тетіктері басыңқы бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, бірінші кезекте майлы дақылдар мен мал азығы дақылдары қаржыландырылады.
«Жаңа мемлекеттік бағдарламаның аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жоғарғы сапалы тұқыммен қамтамасыз ету мақсатында тұқым шаруашылығын қолдау механизмі жетілдірілді. Мысалы, ағымдағы жылдан бастап бірегей және элиталық тұқымдарды субсидиялау қайтадан басталатын болады, ал бірінші репродукциялы тұқымдар тек басымды дақылдар бойынша және ең төменгі нормасыз субсидияланатын болады. Бұдан басқа жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің элиталық көшеттері және бірінші ұрпақты будандарын субсидиялау жалғастырылатын болады. 2017 жылы 2,4 млн. тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы дайындалды»,-деді Айтуғанов.
Белгілі болғандай, ағымдағы жылы минералды тыңайтқыштарды субсидиялау үшін 13 млрд. теңге бөлінді, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2 млрд. теңгеге артық. Көктемгі егіс жұмыстары басталған уақыттан бастап әр он күн сайын минералды тыңайтқыштарды жөнелту бойынша мониторинг жүргізіліп отырады.
2017 жылғы көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында 375 мың тонна мөлшерінде қажетті дизель отынының көлемі айқындалды, оның ішінде 148 мың тонна наурыз айына бекітілді. Наурыз айына бекітілген баға литріне 105 теңге. Нарықтық баға литріне 130 теңге болғанда, операторлардың шығынын ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін литріне 120 теңгені құрайды.
Қазақстанға мұнайдың қолайлы бағасы
Бұл аптада тілшілер сауалына жауап беру кезінде ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев әлемдік нарықта тұрақтылықты сақтау үшін мұнайдың қолайлы бағасын атады.
«Тақтатас мұнайын өндіру (АҚШ-та) айтарлықтай артпас үшін барреліне 50-ден 60 долларға дейінгі дәліз дұрыс болады деп саналуда. Егер де мұнай құны барреліне 60 доллардан асса, онда АҚШ-та тақтатас мұнайын өндіру көлемі елеулі көлемде артуы ықтимал», - деді Бозымбаев Үкімет отырысынан кейін.
Энергетика министрі тақтатас мұнайын өндіру көлемінің артуы экспорттаушыларға тиімсіз екенін атап өтті.
«Бұндайда мұнай экспорттаушылар зардап шегеді, сонымен қатар бізде қордың көлемі де өседі. Сондықтан нарықтың тұрақтылығы тұрғысында барреліне 50 және 60 доллар аралығындағы дәліз ең қолайлы баға»,-деп түйіндеді сөзін министр.
Бұдан бөлек ол Қазақстанның мұнай өндіру көлемін қысқарту мәселесі бойынша түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мұнай өндіруді шектеу туралы келісім бойынша екі негізгі келіссөз жүргізуші - олар Ресей Федерациясы мен Сауд Арабиясы. Олар алдын ала консультацияларды жүргізуде. Сәуір және мамырда келісім мерзімін ұзарту тұрғысында ОПЕК аясында консультациялар өтеді деп күтілуде. Осы орайда мен әріптестермен сөйлескен болатынмын. Бүгінде нақты тұжырымды айта алмаймын, себебі мерзімді ұзартудың ұстанымдарын білмей отырмын»,-деді Бозымбаев.
Сонымен қатар министрге «Қазақстан мұнай өндіру көлемін қаншалықты қысқарта алады?» деген сауал қойылды. Өз кезегінде Бозымбаев еліміз мұнай өндіру көлемін қасқарпайтынын, біз тек арттыра алатынымызды жеткізді.
Осы орайда ол ОПЕК елдері тарапынан мұнай өндіру көлемін қысқарту бойынша міндеттемені орындау бағытында бірыңғай әдістеме жоқ екенін түсіндірді.
«Мәселен, Ресей кезең-кезеңмен орындауда, яғни 300 мың баррельге қысқартуы тиіс болатын. Қаңтар айында біз өзіміздің міндеттемені асыра орындадық, 20 мың баррельден астам шектеу болды, ақпанда біршама аздау. Наурызда бізде өндіру көлемі сәл артықтау болады, ал сәуірде өндіру көлемі азаяды деп күтудеміз. Бұл бірқатар факторларға байланысты. Оның ішінде табиғи-климаттық, сондай-ақ пайдалану мерзіміне орай еліміздің әр бөлігінде кен орнындағы жағдайға қатысты болып отыр. Ірі кен орындарының көбісі жылына өндіру көлемін миллион тоннаға дейін азайтты»,-деп нақтылады Қ. Бозымбаев.
Энергетика министрі Қарашығанақ пен Қашаған кен орындары алдағы уақытта ұлғаятынын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы айдың басында Қанат Бозымбаев Қазақстан ОПЕК елдері алдындағы міндеттемесін орындап жатқанын айтқан еді.