Қазақстанда тігілген жейделер экспортқа шыға бастады

"Dalatex" компаниясы ерлер жейдесін тігуді осыдан бір жыл бұрын қолға алған. Көпшіліктің көзайымына айналған цех бүгінде өз өнімін Қазақстанның барлық аймақтарына, тіпті Ресейге де экспорттап отыр. "Dalatex" брэнді кең үлгіде, қынама белді және жартылай ұзындықтағы үлгімен әртүрлі маталардан ерлер жейделерін ұсынады, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі «Даму» қорына сілтеме жасап.
Фабриканың негізін қалаушы Ділмұхамед Абизов бизнестегі жолын 20 жыл бұрын бастаған. Ол кәсібін дамыту мақсатында «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 14 пайызбен 30 млн. теңге несие алған, оның 10 пайыздық үстемесін мемлекет қайтарымсыз негізде субсидиялауда.
Ділмұхамедтің сөзінше, өз бизнесін әртараптандыру үшін және саудадан өндіріске өту қадамын жасауға көп ойланып барған. Ең бастысы, нақты қадам жасау арқылы ол өзінің айналасы мен мемлекеттің үлкен көмегін сезіне алды.
«Мен өз арманымды жүзеге асыра алғаныма қуаныштымын. Күнделікті 200-ден астам жейделер тігудеміз. Ал шеберлеріміз көйлектің әр түрін ұсына отырып, талғамы жоғары тұтынушылардың тапсырысын орындауда. Біздің өнімді жергілікті халық қана емес, өзге өңір тұрғындары да ұнатып, сатып алуда. Бұл - еңбегіміздің жемісі»,- дейді Ділмұхамед Абизов.