Қазақстанда тұтыну шамасына қарай сараланған электр тарифінің үшінші сатысы енгізіледі - Табиғи монополияларды реттеу агенттігі
Бұл туралы Агенттік пен Павлодар облыстық әкімдігі бірлесіп Мемлекет басшысының «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының үлестік пайдалану шығындарын төмендету және ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу мәселесіне қатысты тарауларын түсіндіру мақсатында сәуірдің 8-інде өткізген кеңесте айтылды.
Павлодарда өткен кеңеске Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов, Павлодар облысы әкімдігінің, облыстық ардагерлер кеңесінің, сараптамалық кеңестің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және табиғи монополия субъектілері қатысты.
Кеңесте шикізаттың, материалдардың шығыс нормаларын оңтайландыру мәселелері; инвестициялық міндеттемелерді орындау, субъектілердің орташа мерзімді инвестициялық тарифтерге көшу, сондай-ақ нормативтен тыс ысыраптарды жою бойынша табиғи монополия субъектілері қабылдайтын шаралар, электр энергиясына арналған сараланған тарифтердің тетіктерін тереңдету және басқалар талқыланды.
Өз сөзінде Н.Алдабергенов, бүгінгі таңда 82 базалық табиғи монополия субъектісінің 21-сі инвестициялық (орта - ұзақ мерзімді) тарифтер бойынша жұмыс істейтінін айтып өтті. 2009 жылы нормативтен тыс ысыраптар 3,9 миллиард теңгеге, нормативтік ысыраптар 2,8 миллион теңгеге қысқарды. 2014 жылға дейін нормативтен тыс ысыраптарды жоюдың есебінен 13,5 миллиард теңге сома үнемдеу, 2020 жылға дейін нормативтік ысыраптарды оңтайландырудың есебінен - 16,4 миллиард теңге үнемдеу болжанып отыр.
Агенттіктің энергия үнемдеу жөніндегі жұмысының тағы бір нәтижесі - республиканың барлық өңірлерінде электр энергиясына тәулік зоналары бойынша және 15 өңірде - тұтыну шамасына қарай сараланған тарифтер енгізу ісі болды. Сараланған тарифтерді енгізудің мақсаты - энергия ресурстарын және тиісінше, тұтынушылардың қаражаттарын үнемдеу.
Тәулік зоналары бойынша сараланған тарифтерді енгізуден алынған экономикалық тиімділік, мысалы, Алматы қаласында - 564 миллион теңгені құрады. Тұтынудың шамасы бойынша сараланған тарифтерді енгізуден алынған әлеуетті тиімділік Астана қаласында 43 миллион теңгені, Алматы қаласы бойынша жылына 240 миллион теңгені құрауы керек.
«Қазір Қазақстанда электр энергиясына тұтыну шамасына қарай 2 деңгейлі сараланған тарифтер қолданылады, онда әлемдік тәжірибеде тұтынылған электр энергиясы үшін 3-тен 6-ға дейін ақы төлеу деңгейі қалай қолданылып келеді. Мысалы, Гонконг қаласында - 3 деңгей, Шанхай қаласында - 4 деңгей, Оңтүстік Кореяда - 5 деңгей, Мысырда - 6 деңгей, БАӘ - 4 деңгей қолданылады. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, сараланған тарифтердің тетіктерін одан әрі тереңдету үшін және энергия үнемдеу үшін экономикалық ынталар жасау мақсатында, 2010 - 2011 жылдары электр энергиясына тұтыну шамасы бойынша сараланған тарифтердің 3 деңгейін енгізу жөнінде дайындық жұмысы жүргізілетін болады», деді Н.Алдабергенов өз сөзінде.
Сондай-ақ, Агенттік 2010 жылы наурыздың 15-інде қабылданған табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамаға енгізілген түзетулерге сәйкес үстіміздегі жылдан бастап тұтыну көлемдері бойынша сумен жабдықтауға сараланған тарифтер енгізу жөнінде дайындық жұмысы жүзеге асырылатын болады.