Қазақстанда уран қорын құру мәселесі қарастырылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің атом саласы мамандарының бағалауынша, бүгінде уранға бағаның құрылуы төмен деңгейде қалып отыр. Өз өніміне бағаны тұрақтандыруға қандай да бір ықпал ету мақсатында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы Қазақстанда уран қорын құруды қарастыруда.
None
None

Бүгінде көптеген елдер атом энергетикасын дамытуға ден қойып, атом электр станциялары құрылысы жөніндегі бағдарламаларын жүзеге асыруға қарқын қоса түсті. Қазір әлемде 442 реактор қолданыста болса, тағы 67-сінің құрылысы қызу жүріп жатыр. Тіпті жапондықтар да реакторларды пайдалануға қайта оралып, Қытай, Үндістан сияқты елдер бұл бағытта белсенді жұмыстар жүргізуде. 

Десе де, салаға қызығушылық артқанымен, мұның табиғи уран нарығына жағымды әсері байқалмайды. Соңғы жылдары уранның әлемдік бағасы айтарлықтай арзандады. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда, ағым­дағы жылдың қаңтарын­да уран тотығы мен шала тоты­ғына жеткізілім бір фунтына 36,50-ден 34,75 долларға төмендеген. Кейбір рейтингтік агенттіктер атом электр станциялары үшін отынға спот-бағалар 35доллар аясында тұрақтап, алдағы бірнеше жылда баға фунтына 50 доллар бола қоймайтынын болжайды.

Осы өзгерістерге қарамастан, ұлттық атом компаниясы өзінің жеке және бірлескен келісімшарт міндеттемелерін толығымен орындауға бел буып отыр. Оған қоса компания өнім өндіру көле­мін қыс­қартпайтынын мәлімдеді. 2015 жылы «Қазатом­өнер­кәсіп» 23,8 мың тонна табиғи уран өндірсе, алдағы уақытта жаңа өндірістердің жобалық қуатына шығуымен ҰАК құрылымдары өндірісінің көлемі 25-25,5 мың тоннаны құрайтыны айтылуда.

Ал осындай ірі көлемде өндірілетін уранның бір бөлігін сақтап, бағаның орнықтылығын қамтамасыз етуге бағыттау үшін «Қазатомөнеркәсіп» уран қорын құруды жоспарлап отыр. Яғни, келісімшартқа енбеген «артық» өнім   аталған қорға жолданып, нарықта анағұрлым жағымды конъюнктура қалыптасқан жағдайда сатылымға шығатын болады. Мәселен, уран қорында 2016-2018 жылдары өнімді жинақтап, оны 2019-2021 жылдары сату көзделген. Ал сауда-саттық институтының рөлі жаңадан құрылатын трейдингтік компанияға жүктелмек.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Юрий Демеховтың айтуынша, уран қоры Шығыс Қазақстан облысындағы Үлбі металлургиялық зауытында орналасуы мүмкін. Бұл тиісті алаңы, аумағы бар өнімді сақтау мен қауіпсіздік тұрғысынан жан-жақты сай келетін бірден бір жер және артық шығындарды талап етпейді. Компания өкілі атап өткендей, уран қоры мен осы зауытта орналасатын МАГАТЭ банкі - екі бөлек нәрсе. Біріншісі «Қазатомөнеркәсіптің» өз меншігі болса, екіншісі төмен байытылған отын банкі - халықаралық жоба болып табылады.

Негізінен ұзақ мерзімді келісімшарттармен жұмыс істеп келе жатқан «Қазатомөнеркәсіп» маркетинг саясатын өзгертудің негізгі міндеттерінің бірі ретінде өнімді әртараптандыруды көздейді. Егер 2015 жылға дейін компания негізінен табиғи уран тотығының және шала тотығының саудасымен айналысса, 2016 жылдан бастап компания анағұрлым жоғары деңгейлі өнім - отын таблеткаларын, ұнтақтар мен байытылған уранды сатуға көшті. Алдағы уақытта да әртараптандыру процесін күшейту мен ұлғайтуға басымдық беру осы беталыспен жалғаса бермек.

Қазіргі күні «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК уран өндіру саласында және жоғары деңгейлі уранды өндіру үшін озық технологиялар тарту аясында ресейлік, канадалық, жапондық, француздық, қытайлық фирмалармен тығыз әріптестік орнатқан. Компаниямен Қазақстанда  өндірілетін 904 мың тонна табиғи уранға келісімшарт жасалғандықтан да өнім өндіру елеулі қарқынмен жүруде. Соңғы 20 жылдың ішінде «Қазатомөнеркәсіп» өнім өндіру деңгейін 30 есеге көтерген. Еліміз бүгінде 1 млн. тонна таза өнім қорына ие.

Соңғы жаңалықтар