Қазақстанда жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында KATEV қорының «Жарқын болашақ» атты қазақ тілінен республикалық олимпиадасы өтеді

АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат - KATEV Халықаралық қоғамдық қоры мен «Тіл» журналының ұйымдастыруымен жалпы орта білім беретін мектептердің қазақ тобында және өзге ұлт топтарында оқитын 7,8,9,10,11-сынып оқушылары арасында «Жарқын болашақ» республикалық KATEV қазақ тілі олимпиадасы өткізілді.
None
None

ҚР Мемлекеттік тілі - қазақ тілі - ұлы даланы мекен еткен байырғы қазақ халқы мен қазақстандық басқа да ұлт өкілдерінің тарихи тағдырын тоғыстырған, теңдік пен татулықты ұстана отырып, бейбіт қоғамды қалыптастыруға қол жеткізіп отырған бірден-бір ұлы рәмізі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біздің, бүкіл қазақстандықтардың басын біріктіретін басты фактор - меклекеттік тіл. Қазақ халқының туған тілін дамыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек», - деп, мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше назар аударып келеді.

Олимпиада мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оны дамыту, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша ерекше дарынды оқушыларды анықтау және оларға қолдау көрсету. Сондай-ақ олимпиаданы өткізудің басты мақсаттарының бірі - қазақша сөйлеумен қатар, қазақ тілінде ән айту, мәнерлеп оқу, сахналық қойылым қою, ғылыми жұмыстар қорғау, туған өлкесін таныту, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін жақсы меңгеру арқылы Қазақстанның «жарқын болашағы» үшін аянбай қызмет ететінін көрсеткен нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» жастарға ерекше қолдау көрсету болып табылады.

Олимпиадада оқушылардың қазақ халқының тілі, әдебиеті, салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті секілді ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру, тұлғаның өз-өзін дамытуына және қабілетін ұштауға ықпал ету мақсаты көзделді.

Биыл екінші рет өткізіліп отырған «Жарқын болашақ» олимпиадасының аудандық, қалалық және облыстық іріктеу жарыстарына барлық облыс бойынша 390 мектептен 4506 оқушы қатысты. Олардың арасынан «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болып суырылып шыққан 68 мектептен келген 338 оқушы 2010 жылы 5 - 6 наурызда Алматы қаласында өткен олимпиаданың жартылай финалында жарысты. Солардың ішінен 40 мектептен 69 оқушы ақтық бәсекеге (финалға) жолдама алды. Олар сәуірдің 7-сінде Астана қаласында бір-бірімен жарысатын болады.

Олар алты бағыт бойынша екі топқа (қазақ және өзге ұлт өкілдері) бөлініп, өз өнерлері мен білімдерін ортаға салады. Биылғы Олимпиадада алты бағыт бар: тіл білімі, ән айту, мәнерлеп оқу, сахналық қойылым, ғылыми жоба қорғау және өлкетану.

Әрбір бағыт бойынша Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталады. Олар 7 сәуірде Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін салтанатты жабылу рәсімінде KATEV Халықаралық қоғамдық қорының І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ олимпиаданың 1-орын иегерлеріне Сүлейман Демирел университетінің гранты табыс етіледі. Барлық бағыттар бойынша жүлделі орын алған оқушылардың мұғалімдері де грамоталармен марапатталады.

Соңғы жаңалықтар