09:25, 03 Тамыз 2015 | GMT +5
ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН: «Алматы өнімі» айына 600 тоннаға дейін халуа өнімін шығарады
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы ірі кондитерлік компаниялардың бірі «Алматы өнімі» айына 800 тоннаға дейін тәтті өнім өндіреді.

2010 жылы компания 460 млн. теңгеге жуық несие алған. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша қайта қаржыландыру арқасында өндірісін кеңейтті.
Ай сайын компания 600 тонна халуа шығарады. Ол осы тәтті тағам түрін өндіретін Орта Азиядағы ең ірі зауыт. Сондай-ақ мұнда печенье, вафель, түтіктешелер, карамель өнімдерінің 273 түрін дайындайды.
«Даму» қоры қаржыландырған соң печень өндіретін екі желі сатып алдық. Бірі - польшалық, екіншісі - қытайлық. Қазір айына 2 мың тонна өнім шығаруға дайынбыз», - деді «Алматы өнімі» ЖШС директорының орынбасары Александр Майдуров. Компания нарықта 2002 жылдан бері. Қазір мұндағы екі цехта 480 адам жұмыс істейді. Пайдаланылатын шикізаттың барлығы қазақстандық.