Қазақстанда жыл басынан бері РФ ІІМ іздеуінде жүрген 9 қылмыскер ұсталған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің басшылығы мен Ресей Федерациясының ІІМ Көліктегі бас басқармасының өкілдері арасында жұмыстық кездесу өтті, деп хабарлайды Көліктегі ІІД-нің баспасөз қызметінен.
None
None

Оған Ресей Федерациясының ІІМ Көліктегі бас басқармасының қылмысқа қарсы күресті ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі А.С.Петров, қоғамдық тәртіпті күзетуді ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Ю.Н.Груздев, ҚР ІІМ Көліктегі ІІД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі С.С.Шерьязданов, сондай-ақ қызмет басшылары қатысты.

«Соңғы жылдары ресейлік және қазақстандық көлік полицейлерінің әріптестік қарым-қатынасы анағұрлым жандана түсті. Біздің ықпалдастығымыз, яғни өзара қармы-қатынасымыз іс жүзіндегі деңгейге жеткенін айтқым келеді»,- деді кездесуді ашқан Көліктегі ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Сапар Шерьязданов.

Сапар Сағынтайұлының айтуынша, жыл басынан бері Ресей тарапының сұрауымен еліміздің көлік полицейлері 15 тексеру жүргізді. 20-дан астам тексеруді ҚР Көліктегі ішкі істер департаментінің сұрауымен Ресейдің Қазақстанмен шекаралас аймақтарының ішкі істер органдары өткізді. Ағымдағы жылы екі тарап бірлесіп ұйымдастырған «Іздестіру» шарасы барысында РФ ІІМ-нің іздеуінде жүрген 9 қылмыскер, ал Ресей аумағында ҚР көлік полицейлері іздеу салған 4 азамат ұсталды. Ұсталғандардың басым көпшілігі - ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған азаматтар.

«Халықаралық әріптестікті одан әрі нығайту - ішкі істер органдарының басты міндеттерінің бірі. Қазақстан мен Ресейдің ортақ шекарасы 7 мың шақырымды құрайды. Сондықтан шекаралас аймақтардағы қылмыстармен күресу мәселесі аса маңызды», - деді РФ ІІМ Көліктегі бас басқармасының қылмыспен күресті ұйымдастыру басқармасының орынбасары Алексей Петров.

«Басқосуда лаңкестік пен экстремизмге, сондай-ақ адам саудасына қарсы тұру үшін жұмыла жұмыс жасау керектігі баса айтылды. Жиында қаралған келесі бір маңызды мәселе темір жолдар мен әуе көлігі нысандарындағы қылмысқа қарсы бірлескен жедел-іздестіру және алдын-алу шараларын жандандырып, көлік нысандарындағы қызмет көрсету аумағының жедел жағдайы туралы ұдайы ақпараттармен алмасуды жүзеге асыру болып табылады», делінген хабарламада.

Кездесуді қорытындылай келе, екі елдің көлік сақшылары есірткі заттарын контрабандалық жолмен тасымалдау, ішкі істер органдарының тергеуінен жасырынып жүрген азаматтарды іздестіруді жандандыру, есірткі бизнесімен айналысатын халықаралық қылмыстық топтарды құрықтау, жылжымалы құрамды тонау және де жедел-маңызды, қолда бар ақпараттармен алмасуды жүзеге асыру жөніндегі бітімгерлікке қол жеткізді.

Соңғы жаңалықтар