Қазақстандағы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің төрттен бірі Қызылордада құрылады

Бұл туралы ауыл шаруашылығы кооперативтері мәселелеріне арналған жиында Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жақанов айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат облыстық ауылшаруашылығы басқармасына сілтеме жасап.
«Ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірісі үшін жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру мақсатында «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» ҚР заңына сәйкес Қызылорда облысында 104 ауылшаруашылығы кооперативін құру жөнінде шешім қабылданды. Оның 94-і әділет департаментінде тіркелсе, 10 кооператив құжаттарын тіркеуге тапсырды. Республика бойынша 448 кооператив құрылған»,- деді Бақыт Жақанов.
Құрылған кооперативтердің ішінде 17-сі мал шаруашылығына, 31-і егіншілік саласына, 32 кооператив өңдеу және 1 кооператив су шаруашылығында жұмыс атқаруға бағытталса, 13 кооператив көпсалалы - егін, мал, балық шаруашылықтарымен қатар өңдеу саласына өз жұмысын бағыттап отыр.
Жиын барысында несиелеу, кооперативтер жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланып, жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, облыста 25,6 мың адам жеке қосалқы шаруашылықтарда жұмыспен қамтылған. Бүгінгі таңда облыста өңдірілетін сүттің 85 пайызы, еттің 84 пайызы жеке секторда өндіріледі. Жеміс-жидектің және көкөністің басым бөлігі де жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде.