Қазақстандағы клиника ТМД елдері арасында бірінші орында

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
«Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Басқарма төрағасы Елжан Біртановтың айтуынша, орталық денсаулық сақтау саласында осынау халықаралық ұйымның мойындауына ие болған посткеңестік кеңістіктегі алғашқы клиника атанып отыр.
«Дүниежүзі бойынша аталмыш ұйымның аккредитациясын алған 300-ге жуық клиника бар. JCI халықаралық аккредитациясы денсаулық сақтау ұйымының жоғары деңгейін растайды және әлемде денсаулық сақтау саласындағы ең беделді болып есептеледі», - деді Е. Біртанов.
Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының халықаралық аккредитацияға дайындық шаралары 2009 жылы басталған болатын. Осы жылдар ішінде қызметкерлер мен клиника деңгейін медициналық көмек көрсетудің және пациент қауіпсіздігін қамтамасыз етудің халықаралық талаптарға сай ету бойынша көп жұмыстар атқарылған.
Халықаралық сарапшылар жыл сайын клиникадағы әріптестерімен бірге дайындық жұмыстарының әр кезеңінде жүргізіліп жатқан іс-шаралардың тиімділігін бағалап, одан әрі жетілдіру жоспарына өз түзетулерін енгізіп отырды.
«Халықаралық аккредитацияға дайындау үрдісіне комиссияның кеңесшілері клиникада 1200 өлшемі бойынша бағаланатын 329 әлемдік стандарттың сақталуына үлкен көңіл бөлді. Осындай халықаралық аккредитациядан Ұлттық медициналық холдингтің тағы 5 клиникасы өтеді деп жоспарланып отыр. Ал бұл Назарбаев Университетінің медицина мектебінің клиникалық базасын құру үшін өте маңызды», - деп атап өтті Е. Біртанов.