Қазақстандағы Корея жылының ашылу рәсіміне келген корейлік эстрада және кино жұлдыздары баспасөз мәслихатын өткізді

Қазақстандағы Корея жылының ашылуы 4-9 мамыр аралығында Алматы мен Астана қалаларында өтетін «Қазақстандағы Корея апталығы» фестивалінен бастау алады.
Баспасөз мәслихатына әртіс, қазақстандық киносүйер қауымға «Ханзада Жумонг» сериалы арқылы таныс Сон Иль Гук, әнші Со Ен Ын, «Т-Max» ұлдар квартеті, «JQT» қыздар тобы және «Чондонг» театрының әртістері қатысты. Журналистермен сұхбатқа сондай-ақ, Корей Республикасының ресми тұлғалары келді.
Корея Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық бренд жөніндегі комитеттің төрағасы Ли Бэ Ён, Кореядегі Қазақстан жылын және керісінше Қазақстандағы Корея жылын атап өту идеясы Корея Президенті Ли Мён Бактың 2009 жылы Қазақстанға жасаған сапарынан кейін туындағанын айтты. 2010 жылы Корея Республикасында Кореядағы Қазақстан жылы атап өтіліп, оның аясында қазақстандық мәдениетті корей халқына етене таныстыруға арналған шаралар молынан ұйымдастырылды.
«Қазақстандағы Корея жылының аясындағы іс-шаралар да жоғары деңгейде өтеді деген үміттемін. Мұндай шаралар екі жақты ынтымақтастықты одан сайын арттыра түсетініне сенімдімін. Әрине, өзара ықпалдастық және өзара даму үшін экономика және басқа да салаларда байланыс жасау қажет, бірақ өзара түсіністік арқылы екі елдің мәдениетін, тарихын және рухани құндылықтарын білу де аса маңызды», - деп атап өтті ол.
Кореяның мәдениет, спорт және туризм вице-министрі Мо Чоль Мин Қазақстандағы Корея жылы шеңберінде барлығы ауқымды 30 іс-шара ұйымдастырылатынын айтты.
Сөз алған эстрада және кино жұлдыздарының дені өздерінің қазақ жеріне жасаған алғашқы қадамдары екендігін және олар үшін бұл зор қуаныш болып табылатынын атап өтті.
Сон Иль Гук болса баспасөз мәслихатына кешігіп келгені үшін қазақстандық журналистерден кешірім сұрап, дүйім жұртты күттіртіп қойған себебін түсіндірді. Астананы алғаш көріп тұрған 40 жастағы әртіс қаланың әсемдігіне, оның биік мұнаралы ғимараттарының сәулеттік дизайнына елтіп жүре берген, солай, тоқтаған қонақ үйінен қалай алыстап кеткенін байқамай қалған. «Мен таңғы асымды ішкеннен кейін, аз уақытқа серуендеуге шықтым. Бірақ қонақ үйден алыс кетіп қалғанымды байқамай қалыппын. Сондықтан кешігіп қалдым. Сол үшін өтініп кешірім сұраймын. Мен жолымда Қазақстанның туын көрдім. Соған қарап тұрып ойға батып кетіппін және оның мағынасын түсінуге тырыстым. Меніңше, оның көк түсі - таза, ашық аспанды, ал сары дөңгелек - Орталық Азия аспанындағы жұлдыздарды білдіреді», - деп бөлісті ойымен ол.
С.Гук, Қазақстанның киноиндустриясымен өкінішке қарай таныс емес екендігін айтты. Кореядағы Қазақстан жылы аясында «Сталинге сый» кинокартинасын көруге мүмкіндік туған кезде, оны кезекті киноның түсірілімдеріне алып кеткен көрінеді. Дегенмен ол, қазақстан-корей бірлескен картинасына түсуге қуана-қуана келісетінін жеткізді.
Айта кетейік, Қазақстандағы Корея жылының салтанатты ашылуы бүгін кешқұрым, «Қазақстан» Орталық концерт залында болады.