Қазақстандағы мемқызмет үлгісі әлемдегі озық талаптарға сай келеді - Ә.Бәйменов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы

Агенттік төрағасы 6 мамыр күні алдымен БҚО-дағы тәртіптік кеңес мүшелерімен жүздесіп, пікір алмасты. «Мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға өзгерістер енгізілуіне байланысты жаңа құндылықтар тұрғысынан әр лауазым иесінің жауапкершілігі артады. Тәртіптік кеңес жұмысы да зерделеніп, жаңа нұсқаулықтар әзірленеді. Бұрын тек бағалаумен шектелсек, енді агенттікке мемлекеттік органдар жұмысын қадағалау жүктеліп отыр», деді Ә.Бәйменов.
Бұдан кейін Әлихан Бәйменов пен өңір басшысы Нұрлан Ноғаев агенттіктің Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстары бойынша басқарма басшылары, облыс әкімі аппараттарының жауапты қызметкерлері бас қосқан семинар-кеңеске қатысты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Ә.Бәйменовтің атап өткеніндей, мұндай шараларды өткізу заңнаманы одан әрі жетілдіру үшін жергілікті мамандардың да пікірін ескеру үшін қажет. Бұл - үшінші семинар. Бұған дейін Павлодар, Тараз қалаларында мемлекеттік қызметкерлер бас қосса, енді батыс аймақтың өкілдері өз ұсыныс-пікірін білдіруге мүмкіндік алып отыр.
Елбасы тапсырмасына сәйкес әлемнің озық елдерінің үлгі-тәжірибесін ескере отырып, 1999 жылы мемлекетіміздің мәдениетіне, тарихына, басқа да ерекшеліктеріне сай келетін заң қабылданса, биылғы 26 наурыздан бастап мемлекеттік қызмет туралы заңның жаңа үлгісі енгізілді. Өйткені осы кезеңде талғам да өзгерді, талап та өсті. Елбасы мемлекеттік қызмет сапасын арттыру сапасын ұдайы өз бақылауында ұстап отыр. Сол 26 наурызға дейін Президенттің сегіз Жарлығы қабылданса, биылғы тамызға дейін тағы он Жарлықты әзірлеп, енгізу күн тәртібінде тұр. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген, осындай жиындарда айтылған ұсыныстар да ескерілетін болады.
Мемлекеттік қызмет саласы алдында тұрған мақсат-міндеттерді сөз еткенде, алдымен конкурстық іріктеудің жариялылығын, ашықтығын, әділдігін қамтамасыз ету аса маңызды. Сондықтан алғаш рет конкурстық комиссия жұмысына БАҚ, қоғамдық ұйымдар өкілдері бақылаушы ретінде қатыса алады деген бап енгізілді. Яғни олар кез келген мемлекеттік органның конкурстық комиссиясының жұмысына қатысып, оған баға бере алады. Екіншіден, конкурстық комиссияның ішкі жұмысын реттейтін жаңа заңнама қабылданды. Бұл басшылар ауысқан кезде орын алып келген «командалық» стильді жою бағытында жасалып отыр. Былайша айтқанда, мемлекеттік органдар арасындағы ауысу тәртібін тағайындауға заңмен шектеу қойылды. Тек белгілі бір мамандар ғана ауыса алады, ол Президент Жарлығымен бекітілген. Үшіншіден, кадрларды басқару жүйесін мамандандыру үшін аудандарда, облыстарда бірыңғай кадр қызметін құру көзделуде. Жамбыл облысындағы осындай тәжірибе тиімділігін көрсетіп отыр. Тұңғыш рет заңға сыбайлас жемқорлыққа қарсы және әдептілік нормаларын реттейтін арнайы баптардың енгізілуі де назар аудартады. Енді мемлекеттік қызметкер заңға сәйкес өзіне мәлім болған сыбайлас жемқорлық фактілерін айтуға, баян етуге міндетті. Сонымен бірге «А» корпусын қалыптастыруда жаңа қадамдар қолға алынуда. Мәселен, биылғы 15-27 мамыр аралығында мемлекеттік қызметкерлер тестілеуден өтеді. Бұл күрделі сынаққа министрліктер мен ведомстволардың жауапты хатшыларынан бастап қала, аудан әкімдеріне дейін қатысады. Қазірдің өзінде 1980 үміткер тіркеліп отыр. Барлығы 550 лауазым бойынша соның ішінен 850-950 адам іріктеледі. Содан кейін олар аймақтық комиссияларда әңгімелесуден өтіп, солардың пікірімен ұлттық комиссия алдына келеді.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қызметтің өзіндік үлгісі халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағалануда. Тіпті Ресей, Кавказ, Орта Азия елдерімен салыстырғанда, озық үлгі болып есептелуде. Оны зерттеуге Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан сынды елдер мүдделі болып отыр. Олардан мамандар келіп, семинарларға қатысып, қазақстандықтардың тәжірибесін үйренуде.
Бүгін Ә.Бәйменов облыс әкімі Н.Ноғаевпен бірге сондай-ақ М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ЖОО-ларда жергілікті мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білім алып жатқан жастармен кездесті.