17:06, 26 Ақпан 2010 | GMT +5
Қазақстандағы шағын және орта бизнес еліміздің ішкі жалпы өнімінің үштен бір бөлігін өндіреді
АСТАНА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстандағы шағын және орта бизнес еліміздің ішкі жалпы өнімінің үштен бір бөлігін өндіреді. Бұл туралы бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан ҚР Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің бірінші жалпы отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шағын және орта бизнес саласында істейтін адамдардың саны қазір 1 млн. 800 мыңннан астамды құрайды. Бұлар еліміздің еңбекке қабілеттілерінің төрттен бірі. Олар еліміздің ішкі жалпы өнімінің үштен бір бөлігін өндіреді», деді отырыста Премьер-Министр.
Оның айтуынша, Қазақстанда нарықтық экономика жұмыс істеп келе жатқан екі онжылдықта ұлттық бизнес айтарлықтай тәжірибе жинады. Шағын және орта бизнес негізгі жұмыс орындарын құруда, орта тапты қалыптастыруда, ұлттың әл-ауқатын және мемлекеттің өркендеуін қамтамасыз етуде.