Қазақстандық теннисші Мысырдағы турнирде бір күнде екі кездесуін жеңіспен аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 400-ракеткасы Денис Евсеев Шарм-эль-Шейх (Мысыр) ITF M15 турнирінде жеңіліссіз келеді.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген Д.Евсеев жекелей сында бастапқыда рейтингіде 1006-орындағы ресейлік Новак Тюкаевты камбэкпен ұтты – 4:6, 6:2, 6:1.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда бейсенбіде рейтингіде 1058-сатыдағы бельгиялық Ромен Факонның мысын басты. Есеп 2:6, 7:5, 2:1 болып, Евсеев алда тұрған мезетте бельгиялық спортшы матчты жалғастырудан бас тартты.
Денис Евсеев жекелей сында жартылай финалға шығу үшін ресейлік Сергей Петровпен таласады.
Д.Евсеев ресейлік Петр Бар-Бирюковпен жұптық сында бірінші ракетка болып тіркелген. Олар алдымен белоруссиялықтар Дмитрий Дюбайлов – Милан Таупенецті 6:3, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Содан кейін 13 қараша күні ширек финалда ресейліктер Евгений Филиппов – Новак Тюкаевты қапы қалдырды 6:3, 7:5.
Д.Евсеев – П.Бар-Бирюков чехиялық Ян Граздил – мысырлық Карим Ибрахиммен финал жолдамасын сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Франциядағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған едік.
М.Кукушкин Лион челленджер турнирінде әлемнің 260-ракеткасы, франциялық Том Пэристен 3:6, 2:6 есебімен есе жіберіп, жартылай финалдан тыс қалды.