10:59, 25 Маусым 2016 | GMT +5
Қазақстандық ауыр атлеттерге Олимпиадаға қатысуға рұқсат берілді
АСТАНА.ҚазАқпарат - Бірнеше елдің жарысқа қатысу құқығынан айырылған ауыр атлет командаларын Халықаралық ауыр атлетика федерациясы атқару комитетінің отырысынан кейін Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына қатыстыру жөнінде шешім қабылданды. Бұл жөнінде «МИР 24» телеарнасына сілтеме жасай отырып, Sports.kz хабарлады.

Атқару комитетінің мүшелері үш күн бойы жабық есік жағдайында жұмыс істеп, БАҚ-пен байланысқа шыққан жоқ. Ресей, Беларусь, Қазақстан спортшыларының Рио Олимпиадасына қатысу-қатыспауы жөніндегі мәселе соңына дейін көпшілікке тағат таптырмады.
Атқару комитеті мүшелерінің бірі: «Олимпиадаға он емес, сегіз адам барады. Бұл Қазақстан, Беларусь, Әзербайжанға да қатысты» - деді.
Конгресс жұмысы өте күрделі жағдайда өтті. Қатысушылар соңғы сәттерге дейін таныстырылымдар өткізіп, әр командадағы допинг дауларын талқыға салды. Қазір конгресс аяқталып, қатысушылары әуежайға аттанды.