Қазақстандық байқаушылар Ресейдің Президенттік сайлауы қалай өткені туралы мәлім етті

Олар ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан Ресей Федерациясы Президентінің сайлауын өткізу процесіне байқаушы ретінде қатысқан болатын. Қазақстан депутаттары Мәскеу, Орынбор және Омбы қалаларында байқаушы қызметтерін атқарды.
Мәскеу қаласында өткен сайлауға байқаушы болған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы фракциясы жетекшісінің бірінші орынбасары Ерген Дошаев Астанаға келген соң: «Қазақстандық байқаушылар сайлау кампаниясында заң бұзушылықтар орын алмағандығы туралы қорытынды шығарды»,- деп мәлімдеді.
Ерген Дошаев, Виктор Рогалев, Мұхтар Тінікеев үшеуі Мәскеу қаласында жұмыс жасады және олар жеті сайлау учаскесінің қызметіне байқаушы болды. Сайлау учаскелері «Крылатские холмы» шағын ауданы мен Үлкен каретная көшесінде орналасқан. Осы аталған аумақтағы учаскелерде сайлау заңға сәйкес қалыпты жағдайда, әділ, ашық өткен.
Ресей Федерациясында барлығы 95 344 сайлау учаскесі ашылған. Соның ішінде 91 мың сайлау учаскесі осы науқан қарсаңында веб-камерамен жабдықталған. Осындай жаңа қондырғыны орнату үшін Орталық сайлау комиссиясына федералдық бюджеттен 15 млрд. рубль қаржы бөлінген.
- Мұндай жаңа бастама сайлаудың 100 пайыз әділ, таза өтуін қамтамасыз етеді, - дейді Ерген Дошаев, - Ресей Федерациясындағы сайлау процесінің сапасы Еуропалық стандартқа жақындай түсті.
РФ ОСК-ге дауыс беру күні барлығы 178 шағым мен өтініш түскен. Соның ішінде біреуі жедел шара қолдануға негіз болған. Дағыстандағы №1402 сайлау учаскесінде сайлау бюллетендерін жөнсіз салғандықтан бұл учаскедегі дауыс беру қорытындысы жарамсыз деп танылды.
ТМД байқаушыларының миссиясы құрамына 284 байқаушы енген. Соның ішінде 46-сы - ТМД елдерінің ұлттық парламенттерінің депутаттары. Сайлау күні Ресей бойынша шетелдік және ресейлік 320 мың байқаушы жұмыс істеді. Орынбор және Омбы облыстарында ТМД ПАА-ның халықаралық байқаушылары ретінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ізбақ Өмірзақов, Елена Тарасенко және Ромин Мәдинов жұмыс істеді.
Сайлаушылардың белсенді қатысуымен өткен сайлауда бес кандидаттың ішінде қазіргі РФ Премьер-Министрі Владимир Путин Мемлекет басшысы болып сайланды.