Қазақстандық көліктердің бөлшектері елімізде шығарылмаса, келешекте оны өткізе алмауымыз мүмкін - М. Пішембаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда құрастырылатын көліктердің кемінде елу пайыз бөлшектері елімізде шығарылуы тиіс. Әйтпесе келешекте оларды өткізе алмауымыз мүмкін. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қазақстан Машина жасаушылар одағы басқарма төрағасы, Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев осылай мәлім етті. Еске сала кетейік, баспасөз мәслихаты Астанада 1-2 қазанда Машина жасаушылардың үшінші халықаралық форумы тақырыбына арналған болатын.
None
None

«Жалпылама алсақ, өткен бесжылдықта (Индустрияландыру саясатының бесжылдығы-ред.) біз машина жасау саласында елімізде бұған дейін шығарылмай келген өнімдерді өндіруді қолға алған болатынбыз. Бұл өнімдер ішкі нарықты ғана қанағаттандырып қоймай, экспортқа да бағдарланды. Мәселен, Астанадағы тепловоздарды алыңыз. Сосын елімізде бұған дейін болмаған электровоздар шығарылуда, тікұшақтар құрастырылып жатыр. Сонымен қатар, өткен бесжылдықта біздің елде негізінен бөлшектер арқылы көліктер құрастыру зауыттары болса, алдағы бесжылдықтағы мақсат - шығарылып жатқан автомобильдердің, тракторлардың автоқұрамдас бөлшектерін өзімізде елу пайызға дейін жеткізуге тиіспіз. Өйткені, біз өзімізде құрастырылатын автомобильдердің компоненттерін елу пайызға жеткізе алмасақ, ЕАЭО аясында 2020 жылдардан кейін өзіміздің өнімдерімізді сата алмауымыз мүмкін», - деп атап өтті Мейрам Пішембаев.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні әсіресе ЕАЭО аясында өнімді өтімді еткізу үшін трактор, автокөлік құрастыру секілді салалардағы бөлшектердің басым бөлігін қазақстандық мазмұнмен толықтыру басымдық ретінде қарастырылады.

Соңғы жаңалықтар