Қазақстандық компаниялардың экспорттық әлеуеті әлі толық пайдаланылған жоқ - HSBС-дің Қазақстандағы еншілес банкінің басқарма төрағасы

АСТАНА. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстандық компаниялардың экспорттық әлеуеті әлі толық пайдаланылған жоқ. Бұл пікірді бүгін елордада басталған «Сауда академиясы: шикізаттық емес экспортты қолдау» деген тақырыппен өтіп жатқан семинар аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген HSBС-дің Қазақстандағы еншілес банкінің басқарма төрағасы Саймен Мюнтер білдірді.
None
None

HSBС-дің Қазақстандағы еншілес банкі шикізаттық емес сектордағы кәсіпорындар үшін айналым капиталын толықтыруға және сауданы қаржыландыруды қамтамасыз етуге дайын екендігін мәлімдеген ол «қазақстандық компаниялардың экспорттық әлеуеті әлі толық пайдаланылған жоқ. Экспорт тұрғысынан алып қарағанда Қазақстан минералды ресурстарға бай ел. Біз Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама қабылданғаннан кейін шикізаттық емес сектордан айтарлықтай өсім күтеміз. Өкінішке орай, көптеген экспорттаушылар сауданы қаржыландырудың жеткіліксіздігі проблемасына душар болып отыр. Міне, осы орайда HSBС-дің Қазақстандағы еншілес банкі сауданы қаржыландыруды қамтамасыз етуге, капитал айналымын толықтыруға дайын», деді.

Мемлекеттік сақтандыру корпорациясы басқармасының төрағасы Ғалым Әмірходжаевтың айтуына қарағанда, бұл семинар республика бойынша өткізілуге жоспарланған семинарлар топтамасының алғашқысы болып отыр. Сонымен қатар қазіргі уақытта Астана мен Ақмола облысы еліміздің тұрақты дамып отырған өңірлерінің біріне айналған. «2010 жылдың бірінші жартыжылдығындағы республика экспорты жалпы көлемінің 6,9 пайызы осы өңірге тиесілі. Бұл шикізаттық емес экспорттың дамуына зор әлеует бар екендігін көрсетеді», деді ол.

Семинардың мақсаты - тауарларын сыртқы нарыққа шығаратын қазақстандық экспорттаушы кәсіпорындарға кешенді қолдау көрсету мәселелерін таныту болып табылады. Алқалы жиынға Астана қаласы мен Ақмола облысынан 30-дан астам экспорттаушы кәсіпорындар, қоғамдық ұйымдардың, ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері қатысуда.

Соңғы жаңалықтар