Қазақстандық өнім ретінде жалған безендірілген тауарларды анықтауға мән беріледі
«Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынысы бойынша біз Үкіметте ведомствоаралық комиссияны құрдық. Бұл комиссия өз кезегінде өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымы мәселесімен айналысады. Комиссияның бірінші отырысын өткен аптада өткізіп, онда контрафактілі аккумуляторлар мен кабельді өнімдерді жеткізу фактілері қаралды. Біз еліміздің нарығына заң бұзушылықтармен келіп жатқан тауарлардың жолын қатаң түрде кесетін боламыз»,-деді Б. Сағынтаев.
Оның сөзіне қарағанда, жақында Еуразиялық экономикалық одақ кеңесінің отырысында монополияға қарсы саясатқа жауап беретін ЕЭК алқасының мүшесі Нұрлан Алдабергенов беларустық сүт өнімдерін өндірушілер өздерінің қаптамаларын қазақстандық өндірушілер ретінде безендіріп жатқандығын хабарлады.
«Олар өнімдеріне қазақша атау беріп, ұсақ әріптермен Беларуссияда өндірілгені туралы жазады. Алайда біз осы өнімдерді алған кезде ұсақ жазуларға қарамайтынымыз анық. Біз тек атауына ғана мән береміз. Кейбір жерлерде «Ұлы Дала» деген сөздер де кездедеседі. Комиссияларда осындай жағдайларға жол бермеуіміз керек»,-деді ол.