Қазақстандық шекарашылардың аңғарымпаздығы ауыр науқасты дер кезінде анықтауға көмектесті
29 қазан күні түнгі сағат бірлер шамасында шекара қызметінің «Ақтөбе» шекара отрядына қарасты «Жайсаң авто» тексеріп-өткізу бекетінде «Шымкент-Нижний Новгород» бағытымен келе жатқан автобустағы бір жолаушы шекарашылардың еріксіз назарын аударды.
Қимыл-қозғалысы тым сылбыр, өзіне қойылған сұраққа жауап беруге шамасы жоқ, қалтасындағы құжатын әрең шығарып берді. Төлқұжаты бойынша оның 1989 жылы туған Жаишид есімді өзбекстандық азамат екендігі анықталды. Автобус жүргізушісі де бұл жолаушының жол бойы автобустан түспегендігін, тамақ ішпегенін айтты.
Шекарашылар күдікті жолаушыны автобустан алып қалып, Жайсаң елді мекенінің учаскелік дәрігерін шақыртты. Дәрігер жолаушының менингит ауруына шалдыққандығын анықтады.
Қазір науқас Ақтөбе облысының Мартөк ауылындағы аудандық орталық ауруханада емделуде.