20:14, 06 Сәуір 2010 | GMT +5
Қазақстандық және ливандық тараптар келіссөздер барысында екі елдің ауыл шаруашылығы, турим және қаржы салаларындағы ынтымақтастығын талқылады - К.Мәсімов
АСТАНА. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бастаған қазақстандық делегацияның Ливан Республикасына ресми сапарының соңында Үкімет Үйінде кеңейтілген құрамдағы екіжақты келіссөздер өтті.
Бұл туралы ҚР Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
«Кездесу кезінде екі елдің экономиканың әртүрлі салаларында - ауыл шаруашылығы, туризм және қаржы секторындағы ынтымақтастығы туралы өте жемісті және нәтижелі талқылаулар болды. Біз Таяу Шығыстағы жағдайды және екі елдің бейбітшілікті қамтамасыз етудегі ынтымақтастығының мүмкіндіктерін талқыладық», - деді Кәрім Мәсімов.
Кездесулер аяқталғаннан кейін Қазақстан мен Ливан сыртқы істер министрліктері арасындағы өзара саяси консультациялар туралы меморандумға қол қойылды.