Қазақстандық жастар әзірлеп шығарған 37 мобильді қосымша көпшілік назарына ұсынылды

«Қосымшалардың барлығы дерлік тегін. Оларды халықаралық «App Store» деп аталатын қосымшалар дүкенінен жүктеп алуға болады. Қосымшалардың ішінде қазақ, орыс және ағылшын тілінде жазылғандары бар. Олар көптеген салаларды қамтиды. Оның ішіне музыка, информатика, қоғамдық тамақтандыру, тіл үйрену және бақа да салалар кіреді. Бұл қосымшалар тек iPhone смартфонына ғана арналған. Біздің мақсатымыз - адамдарға барынша көмек көрсету, олардың өмірін жақсарта түсу. Бұл қосымшалар арқылы адамдар өздерінің көптеген мәселелерін шеше алады», - деді өз сөзінде TheSummerStartupSchool.com жазғы стартап мектебінің негізін қалаушы және жетекшісі, Принстон (АҚШ) университетінің түлегі, информатика саласының маманы Арман Сүлейменов.
Сонымен қатар, ол аталмыш қосымшалардың Алматыда «TheSummerStartupSchool.com» деп аталатын жазғы стартап мектебінде әзірленгендігін жеткізді.
«Біз бұл мектепті биыл тұңғыш рет Қазақ-Британ университеті жанынан ашқан болатынбыз. Онда 5 адамнан тұратын менторлар командасы жұмыс істейді. Барлығы информатика саласының майталмандары. Олардың ішінде информатикадан халықаралық олимпиадаларға қатысқандар да бар. Бізде оқуға алғашқыда 350 адам ниет білдірді. Бірақ 45 адамды ғана таңдап алдық. Олардың жас мөлшері әрқалай - 15 жас пен 28 жастың аралығы. Бұл жерде бір айта кететін жайт, оқушылардың 80 пайызы тегін оқыды. Ал 20 пайызы 2000 доллардан төледі. Біз осылайша шығындарымызды ғана өтедік. Сонымен, үстіміздегі жылдың 8-ші маусымынан күні бүгінге дейін таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп, 37 мобильді қосымшаны әзірлеп шығардық. Оларды өмірге өте қажетті қосымшалар деп санаймыз. Біздің мектептің миссиясы - «App Store» ғаламдық қосымшалар дүкеніне көптеген қосымшалар енгізіп, Қазақстанды әлемнің технологиялық картасына енгізу», - деді А. Сүлейменов.